Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева "жүкті әйелге салынған вакцина балаға әсер ете ме" деген сауалға жауап берді.
Бұл туралы Светлана Сұлтанғазиева Алматы қаласы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Оның сөзінше, вакцинациялаудың жүкті әйелдерге төндіретін қаупі жоқ.
"Жүкті әйелдерге де вакцинация жасау қажет. Мысалы, Еуропада жүктілердің вакцинациясы бойынша көптеген клиникалық зерттеу жүргізілді. Ал Ресейде қолға алынып жатыр. Біз жүкті әйелдер арасында коронавирус инфекциясы салдарынан түрлі жағымсыз салдар және асқынулар орын алғанының куәсі болдық. Сондықтан жүктіліктің 16 аптасынан 38 аптасына дейін індетке қарсы екпе алу қажет, - деді Светлана Сұлтанғазиева.
Одан бөлек, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары екпенің болашақ ана мен баланың иммунитетіне қалай әсер ететініне тоқталды.
"Жүкті әйел вакцинация алса, баласында да коронавирус инфекциясына қарсы иммунитет болады", - деді Светлана Сұлтанғазиева.
Айта кетейік, бүгінгі таңда әлемнің 20 елінде жүкті және босанған әйелдерге коронавирусқа қарсы екпе салу басталды.