$ 447.4  477.55  4.76

Досаев азық-түлік бағасының не үшін қымбаттап жатқанын түсіндірді

Әлем бойынша азық-түлік бағасының өсуі соңғы 10 жылда ең жоғары межеге жетті.
Фото: ашық дереккөзі
Фото: ашық дереккөзі

Пандемиядан кейінгі әлемдік инфляцияның артуы, жаһандық нарықтағы сұраныс пен ұсыныс арасының алшақтауы тасымалдау құнының артуына, шикізат пен азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне алып келді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Қазақстан қаржыгерлерінің IX конгресінде баяндама жасаған Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев елдегі азық-түлік бағасының күрт қымбаттап кетуін былай түсіндірді:

«Әлем бойынша азық-түлік бағасының өсуі соңғы 10 жылда ең жоғары межеге жетті. Металл бағасы 1 жылда 1,5 есеге қымбаттады. Нәтижесінде сыртқы инфляциялық орта нашарлайды. Мысалы, кеше АҚШ-та инфляция 30 жылдық ең жоғары көрсеткіштерге жетіп (1990 жылдан бастап), 6,2% болды, ол Еуроодақта да рекордтық белгі 4,1%-ке жетті.

Ал Қазақстанда бірлескен күш-жігер арқасында алғашқы нәтижеге жете бастадық, жылдық инфляция азық-түлік бағасының 11,5%-тен 11,3%-ке дейін баяулауы аясында соңғы 6 айда алғаш рет өсуді тоқтатты. Жаз айларында инфляцияның айтарлықтай өсуін ескеріп, биылғы шілдеден бастап Ұлттық Банк базалық ставканы жиынтығында 9,0%-тен 9,75%-ке дейін 75 базистік тармаққа үш рет көтере отырып, дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізе бастады», ˗ дейді Ұлттық банк төрағасы.

Ұлттық банк базалық ставканы көтеру арқылы 2022 жылдың екінші жартысында инфляцияны 4-6%-ға жеткізуді жоспарлап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары