12.11.2021, 15:00

Оралда түйреуіш жұтып қойған алты айлық сәби қайтыс болды

Фото: ашық дереккөзі
Түйреуіш ашылып қалған.

Оралда жантүршігерлік қайғылы оқиға болды. Дәрігерлер түйреуіш жұтып қойған алты айлық баланың өмірін сақтап қала алмады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

Облыстық балалар ауруханасы мәліметінше, бала медициналық мекемеге ауыр халде түскен. Ата-анасы бір апта бойы баланың дәреті қара түсті болғанын айтқан. 9 қарашада кешке жедел жәрдем станциясына қоңырау түскен.

"Алты айлық қыздың ата-анасы баланың іші қатты ауырғанын айтты. Бала ес-түссіз күйде түсті. Бірден рентгенге түсіріп, асқазан-ішек жолында түйреуіш тұрғаны анықталды, түйреуіш ашылып қалған. Қызды құтқару мүмкін болмады. 9 қарашада сағат 23.00 шамасында бала жансақтау бөлімінде көз жұмды", - деді облыстық балалар ауруханасы емдеу бөлімі директорының орынбасары Юлия Горячева.

Полицейлер баланың денесі сот-медициналық сараптамаға жіберілгенін айтты. Оның қорытындысын алғаннан кейін қылмыстық іс қозғау мәселесі шешіледі.