12.11.2021, 17:40

Елімізде көпбалалы болу кедейліктің белгісі ме?

Фото: ашық дереккөзі
Көпбалалы аналар атаулы әлеуметтік көмектің әліге дейін дұрыс тағайындалмайтынын айтады.

ЮНИСЕФ ұйымының дерегіне сенсек, әлемде кедей отбасының 90 проценті көпбалалы екен. Қазақстанда жыл басында кедейлік тауқыметін көріп отырғандардың 83 проценті көпбалалы отбасы болған. Бірақ, бұл көрсеткіш те өзгеріп жатыр. Пандемия мен карантиндік жағдай жұмыс орындарының қысқарып, елдің әлеуметтік жағдайына теріс әсер еткен. Еліміздегі әрбір алтыншы бала жарлы отбасында өсіп жатыр. Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының мәліметі бойынша, көпбалалы отбасының жартысының жан басына шаққандағы табысы 60 мың теңгеге де жетпесе, үштен бір бөлігінің табысы 5-30 мың теңгенің аралығында болған. Мұның өзі қайырымдылық қорларының көмегі мен мемлекеттік жәрдемақы түрлерінің мәселені түбегейлі шешпей отырғанын аңғарта ма?

Еуропа елдерінде 3 баладан бастап көпбалалы саналады...

Еуропа елдерінің басым бөлігінде, сондай-ақ Украина мен Ресейде заң бойынша 3 баладан бастап көпбалалы отбасы саналады. Қазақстанда бұл мәселе оқта-текте көтеріліп, еуропалық стандартты қолдаушылар саны артып келеді. Бұған себеп – елімізде «көпбалалы отбасы, көпбалалы ана» ұғымдарының әртүрлі сипатқа ие болуында шығар... Мәселен, ресми түрде көпбалалы ата-ана статусына 4 бала өсіріп отырған азаматтар кіреді. Бірақ, Зейнетақымен қамсыздандыру заңына келсек, 5 бала тапқан не асырап алған әйелдер 53 жасында зейнетке шыға алады. 2027 жылы елімізде әйелдердің зейнетке шығу жасы ерлермен теңесіп, 63 жасты құрайтынын ескерсек, көпбалалы әйелдер үшін мұның өзі үлкен жеңілдік болмақ. Бұған қоса, «көпбалалы ана» мәртебесінен бөлек, 6 бала тапқан анаға – «Күміс алқа», 7 бала тапқанға – «Алтын алқа» беріледі. Елімізде ана мен баланы әлеуметтік қолдау бағытында мемлекеттік бюджеттен бес түрлі жәрдемақы, Әлеуметтік сақтандыру қорынан бөлінетін екі түрлі жәрдемақы қарастырылған.

Қоғамда үлкен дау-дамай туғызған мәселе – Атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалуынан кейін туындаған заңсыз әрекеттер. Мәселен, 2019 жылы нақты 73 мыңнан астам адам табысын жасыра отырып, АӘК-ті заңсыз алған. Бұдан бөлек, дәл осы көмек түрін алу үшін жалған ажырасу фактілері де көбейген. Мұның салдары шын мәнінде әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларына қатты тиіп тұр.

Айнұр Байқазаққызы көпбалалы ана, Алматы облысы, Шамалған ауылында тұрады. Отбасында жолдасы ғана жұмыс істейді. Үш баласы мектепте оқиды, өзі кішкентай сәбимен үйде отыр.

 - Өкінішке қарай, учаскелік комиссия мүшелері отбасының материалдық жағдайын тексеруге келгенде: «сізге АӘК берілуі тиіс» деп кетсе де, кейін «үйіңіздің қабырғасы бүтін екен, қабырғасы жарылса ғана көмек беріледі» деді. Сонда АӘК-ті алу үшін қандай үйде тұру керек? Сосын араға бір адам түсті, ол «қолыма ақша ұстатсаң, тиісті көмекті тағайындатып береміз» деді. Бұған келісімімді бермедім. Естуімше, кейбір өңірлерде бұл мәселені ақшамен шешкендер де бар ғой, - деп өкінеді.

Көпбалалы ата-ананың қаншасы жоғары білімді?

Қолданбалы экономиканы зерттеу орталығының есебіне сенсек, көпбалалы отбасының тек қана 35,4% бөлігінде бір немесе екі ата-ананың жоғары білімі бар, 70%-інде ата-ананың біреуі тұрақты жұмыспен қамтылған.

    - Мен де көпбалалы анамын. Көпбалалы ата-аналардың чатына да қосты, - дейді, Дина Әшімова (аты-жөні өз сұрауы бойынша өзгертілген – авт.). - Байқауымша, біздің ауданда көпбалалы жастар көп. Көбінің орташа жасы 25-26-да. Меніңше, қазіргі заманда жастар мемлекеттік жәрдемақыға емес, өздеріне, білімдеріне сенуі керек. Мәселен, төрт баламызға 46 700 теңге жәрдемақы аламыз, бұл қаржыға төрт бала түгілі бір баланы қамтамасыз ету қиын ғой. Мектептен бөлек, балаларды спорттық, интеллектуалды, музыкалық, т.б. үйірмелерге апару керек. Сондықтан әрбір ата-ана баласының болашағы үшін әрекет етуі тиіс, - дейді.

Көпбалалы ананың айтуынша, Алматыдағы Оқушылар сарайында жергілікті мекенжайда тұратын көпбалалы отбасынан шыққан бүлдіршіндерге бірқатар үйірмелер тегін. Сонымен қатар, сауда орталықтарында тегін азық-түлік жиынтығын да береді.

    - Мұндай көмек түрлерін де негізінен шын мұқтаждар алуы керек. Маған хабарласып, азық-түлік алып кетіңіз десе, көмекке зәру отбасыларына қосып беріңіз деймін. Себебі азық-түлік себетіндегі ұн, макарон өнімдері, май сатып алуға мұршасы жоқ отбасы барын білемін. Шыны керек, бәлкім кәсіпкерлікке баулитын, белгілі бір кәсіпті үйрететін бағдарламаларға көбірек қаражат бөлу керек пе деп ойлаймын, - дейді алматылық көпбалалы ана.

Бұл тұрғыдан елімізде әйелдер арасында кәсіпкерлік белсенділікті арттыру үшін «Іскер ана», «Еңбек» сияқты бағдарламалар жүзеге асып келеді. Бірақ «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз несиеге, гранттарға қол жеткізу де оңай емес.

    - Көпбалалы отбасы болған соң, екі қолға бір күрек алып, кішігірім тігін цехын да ашуға ниеттендік, - дейді көпбалалы ана Айнұр Байқазаққызы. - Бірақ кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы «Еңбек» бағдарламасы бойынша қайтарымсыз несие алуға қол жеткізе алмай жүрміз. Мәселен, осыған дейін тігіншілікке арналған сапалы машина 450 мың теңге тұратын, қазір бағасы 800 мың теңгеге дейін өсіп кетті. Ал, бұл бағдарлама бойынша бизнес идеяны жүзеге асыруға 555 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие беріледі. Қазірше ол да арман болы тұр. Жалпы, бізде шын мұқтаждарға АӘК тағайындау, қайтарымсыз несие беру ісінде біраз шикіліктер бар. Сондықтан бәрі әділ болу үшін құжат қабылдау мен тағайындауда ешкімді араластырмай, бәрін электронды жүйеге, онлайн форматқа өткізіп, шын мәнінде мұқтаж отбасыларына көмек берілуі тиіс деп ойлаймын. Мәселен, қазір пәтер жалдап жүрген бес балалы жалғызілікті аналар АӘК алмайды, есесіне бизнесі, кең сарайдай үйі барлар алып отыр емес пе?! Неге бұл мәселелер тексерілмейді? – дейді ол.

Көпбалалы аналардың айтуынша, тағы бір үлкен өзекті мәселе – балалардың екі ауысымды, үш ауысымды мектептерде оқуы әрі ойдағыдай білім берілмеген соң қосымша сабақтарға қатысуы.

    - Екі ауысымды, үш ауысымды мектептердің мәселесі қиын. Бірін апаруың керек, екіншісін алып қайтуың керек. Бірін қосымшаларға бересің. Мәселен, үлкен қызым ҰБТ-ға дайындалып жүр. Ағылшын курсы қымбат. Балалардың бәрі бір ауысыммен оқыса, әрине, жеңілдік болар еді, - дейді, Айнұр Байқазаққызы.

Тарихқа келсек, екі ауысымды мектептер елімізге Кеңес одағынан мұраға қалған. Көршілес Ресейде екі ауысымды мектептер қаншалықты заңды деген мәселе көтерілген соң, 2025 жылға дейін екінші ауысымда оқып жүрген сыныптарды толықтай бірінші ауысымға ауыстыру жөнінде федералды бағдарлама жүзеге асып жатыр. Бұл тұрғыдан Татарстанның үлгісі бөлек, мектептердің басым бөлігі бір ауысыммен оқиды. Қазақстанда 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу көзделген. Қазір елімізде 134 мектеп үш ауысыммен оқып жатыр. Екі ауысымды мектептер саны одан көп. Демографтар бейби-бум үрдісі жалғаса берсе, салынып жатқан мектептерден бала саны қашанда артық болу мүмкіндігін жоққа шығармайды. Әсіресе бұл мәселе үш мегаполисте ушыққан, бұл өз кезегінде білім сапасына, балалардың уақытты үнемді пайдалануына, ата-аналардың жұмысына кері әсерін тигізуде.

Azattyq.ruhy