Польшамен шекараның Беларусь елі жағында 2 мыңға жуық босқын жиналды. Олар онда 8 қарашадан бері стихиялық лагерьлерде тұрып жатыр. Араларында әйелдер мен балалар көп. Бейсенбі күні Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым (КХҰ) және БҰҰ-ның Беларусь Республикасындағы Босқындар істері жөніндегі басқармасы лагерьге барды: балалар мен әйелдерге гигиена заттары, азық-түлік жеткізілді. Алдағы таяу күндері Қызыл Крестің беларусьтық қоғамы оларға көрпелер, балаларға жылы киімдер, қолғаптар, бас киімдер мен аяқ киім алып барады. ҚазАқпарат бұл туралы БҰҰ Жаңалықтар орталығына сілтеме жасап хабарлайды.
«Бұл расымен де, шұғыл көмек. Себебі басты басымдық – адамдардың өлімін тоқтату, сондай-ақ әрбір адамның нақты жағдайын және қажеттілігін ескере отырып шешім табу мүмкіндігі болатындай, оларды қажетті көмек көрсетілуі мүмкін қауіпсіз жерлерге жеткізу үшін билікпен жұмысты ретке келтіру керек», - делінген КХҰ мәлімдемесінде.
Ақпаратқа сәйкес, стихиялық лагерьде тіпті уақытша тұруға да болмайды. Онда тамақ, су, медициналық көмек жоқ. Ауа райы да суытты. Көптеген босқын мұндай жағдайды көтере алмауы мүмкін.
Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның баспасөз хатшысы Сафа Мсехлидің айтуынша, Беларусь және Польша арасындағы шекарада орналасқан босқындардың кем дегенде 50 пайызын әйелдер мен балалар құрайды.
Адамдар құқығы жөніндегі Жоғарғы комиссар басқармасының баспасөз хатшысы Лиз Троссел де лагерьдегі жағдай адам көнгісіз екенін растап, халықаралық заңнамаға сәйкес, бұл адамдарға сыйластықпен қарау қажеттігін атап өтті.
«Саяси аспектіге келер болсақ, мұны мәселені шеше алатындардың еншісіне қалдырар едім», - деді ол.
КХҰ және БҰҰ-ның Беларусь Республикасындағы Босқындар істері жөніндегі басқармасының өкілдері босқындармен сөйлесіп, тығырықтан шығудың ықтимал жолдарынан ақпарат ұсынды. Атап айтқанда, халықаралық қорғауға мұқтаждар Беларусьта пана сұрай алады. Онымен қоса, пана іздеген жекелеген тұлғалар мен босқындарда қоныс аударуға негізді себеп болуы мүмкін – Еуропалық одақта туысқандары болса, отбасымен қауышы мақсаты. Тағы бір вариант отанына өз еркімен оралуға көмек көрсету және реинтеграция бағдарламасы. Ол бойынша өз еркімен және қауіпсіз жағдайда үйлеріне орала алады.