Жаңалықтар 15.11.2021 сағат 10:00

«Аралтұз» ереуілде белсенді болған жұмысшыларын шығарып жіберді

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, содан бері олардың жалақысына кемінде 15 мың теңге қосылған.
«Аралтұз» ереуілде белсенді болған жұмысшыларын шығарып жіберді
Фото: zakon.kz
Бөлісу
Бөлісу
Бөлісу

Қыркүйек айында ереуіл арқылы жалақы өсіруге қол жеткізген "Аралтұз" компаниясының жұмысшылары наразылықтан соң компания басшылығының шара кезінде "көзге түскен" жұмысшылардан біртіндеп арыла бастағанын айтып отыр.

Компанияда 2003-2014 және 2019-2021 жылдары аралығында слесарь болып жұмыс істеген Ақылжан Қиылбаевтың Азаттыққа айтуынша, компания онымен қараша ортасында келісім-шартты үзетінін хабарлаған. Себебін түсіндірмеген.

"Негізі штатта жұмыста болғанмын. Компанияның айтып отырғаны, мен соңғы екі жылда "сынақ ретінде" (испытательный срок) жұмыс істеген екенмін. 2020 жылы келісім-шарт мерзімі ұзартылған. Мекеме басшылығы "биыл президент сізбен еңбек келісім-шартын бұзу жөнінде шешім қабылдады" деді. "Не себепті" деп едім, "себебін түсіндіре алмаймын, бастықтардан сұраңыз" деді. Ал бастығына кірейін десем, мені қабылдамады" деді Ақылжан Қиылбаев 13 қарашада Азаттық тілшісіне.

Оның сөзіне қарағанда, жұмысшы шағымынан кейін кәсіподақ жетекшісі Төлеген Жайназаров та компания басшысымен кездесуге оқталған, алайда оны да қабылдамаған.

Компанияның жұмысшыға берген хабарламасында "ҚР Еңбек кодексінің 30-бабы 1-тармағының 2-тармақшасына, 49-баптың 2-тармағына және 51-баптың 1-тармағына сәйкес, сізбен 18 қараша 2019 жылғы N244/14 жасалған еңбек шартының мерзімінің аяқталуына байланысты еңбек шарты әрі қарай созылмай, бұзылатынын хабарлаймыз. Соңғы жұмыс күні – 18 қараша" делінген. Оған өндіріс және техникалық даму бойынша вице-президент А.А.Тауасаров қол қойған.

Ақылжан Қиылбаев өзінің жұмыссыз қалуын жақында болған ереуілдегі белсенділігімен байланыстырады. "Бұған дейін ешқандай ескерту, претензия болған жоқ. Компанияның өзі жұмысшы таба алмай жатыр, ал мені жұмыстан шығарып жатыр. Егер қандай да ереже бұзсам, оны мойындап, шығар едім" дейді ол.

Кәсіподақ жетекшісі Төлеген Жайназаров Қиылбаевқа ескерту немесе қандай да бір сөгіс болмағанын растайды. Оның айтуынша, жұмысшылар "бұл ереуілден кейінгі қысымның басы болуы мүмкін, сол себепті келесі аптада жиналып, басшылыққа кіретінін айтып отыр" деді.

"Бұлар жеке компания болғандықтан кіммен істегіміз келсе, сонымен келісім-шарт жасаймыз деп отыр. Ал цех бастығынан ешқандай претензия болмаса, жұмысшылардан ешқандай сын-ескертпе болмаса, сөгіс немесе қатаң сөгіс берілмесе, неге шығарасыздар деп сұрап жатырмын. Бірақ оған назар аударып жатқан ешкім жоқ. Олар Еңбек кодексінің 56-бабын алға тартып, жұмысшымен жұмыс істегіміз келмейді деп отыр" дейді Төлеген Жайназаров.

Оның айтуынша, мекеме басшылығы "Қиылбаевты ереуілге байланысты жұмыстан шығарды" деген болжамды жоққа шығарған.

Компанияның тағы екі дәнекерлеушісі Ғалымжан Оспанов пен Мейрамбек Орынбасаров та қазан айының соңында басшылықтың "жұмыстан шығу жөнінде арыз жазуға итермелегенін" айтты. Олардың сөзіне қарағанда, компания өкілдері оларды "бір күн бұрын болған кеште ішімдік ішкені үшін дәрігерлерге апарып, қан құрамындағы алкоголь мөлшерін тексерткен".

"Дәрігерлер "қанның құрамында алкогольдің мөлшері 20 пайыз, бұл қалыпты жағдай. Не үшін әкелдіңдер" деп таңғалды. Одан кейін бастықтар бізді жұмыс тобына қоспай қойды. "Сіздер боссыздар" деді. Екі-үш күннен кейін өздеріміз арыз жазуға мәжбүр болдық. Компания басшылығы шығарам десе, себебін табады ғой" деді Ғалымжан Оспанов. Олар да мұны ереуілдегі белсенділіктерімен байланыстырады.

Компанияда слесарь болып жұмыс істейтін тағы бір жұмысшы өзін басқа жаққа көшіретіні жайлы естіген. Әзірге компания басшылығы жеке шақырып, хабарламаған. Өзі денсаулығына байланысты емделіп жүргенін айтты.

Төлеген Жайназаровтың айтуынша, қазір компаниядағы төрт цехтың екеуі ғана істеп тұр, біреуі "реконструкцияға байланысты жабылған, ал екіншісі жұмысшылар тапшылығы салдарынан істемей тұр".

13 қарашада Азаттық тілшісі компания басшылығына хабарласуға тырысқанмен жауап ала алмады.

Қызылорда облысының еңбек саласындағы бақылау басқармасына да хабарласа алмады.

Биыл қыркүйек айында "Аралтұздың" мыңнан астам жұмысшысы жалақыны кемінде 50 пайызға өсіруді талап еткен болатын. Олардың сөзіне қарағанда, кәсіпорын жұмысшылары орташа есеппен 48 мың теңге (шамамен 110 доллар) жалақы алады. Экологиялық жарнаны қосқанда айына 80 мың теңге (шамамен 185 доллар) шығады. "Қымбатшылық жағдайында бұл ештеңеге жетпейді" деп шағымданған еді. Он күннен соң компания басшылығы олардың талаптарын ішінара орындауға келісіп, жұмысшылар жұмысқа шыққан.

Жұмысшылардың сөзіне қарағанда, содан бері олардың жалақысына кемінде 15 мың теңге қосылған.

"Аралтұз" акционерлік қоғамы тұз өндіру және қайта өңдеу саласындағы ірі кәсіпорын. Компания мәліметіне қарағанда, жылына 450 мың тоннаға жуық тұз өндіріп, оның 75 пайызын Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Украинаға экспорттайды. 1200-ден аса қызметкері бар.

Оқи отырыңыз

загрузка...

Соңғы жаңалықтар

Аптасына бір рет ең танымал мақалалардың дайджесін жібереміз

Қызықты материалдар