Бүгін Ұлттық валюта күні. Төл теңгеміздің айналымға енгеніне 28 жыл болды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Қазақстанның төл теңгесі 1993 жылы 15 қарашада ресми айналымға енді.
Ең алғашқы теңгемізде белгілі тарихи тұлғалардың портреттері, Алатау мен Көкшетау көріністері, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бейнесі, Маңғыстаудан табылған тастағы таңбалар пайдаланылды. Бір теңгелік банкнотқа Әбу Насыр әл-Фараби, үш теңгелікте Сүйінбай, бес теңгелікте Құрманғазы, он теңгелікте Шоқан, жиырма теңгелікте Абай, елу теңгелікте Әбілқайыр хан, жүз теңгелікте Абылай хан бейнесі сомдалды.
Кейіннен теңгеміздегі тарихи тұлғалардың бейнелері алынып тасталғанымен валютамыздың құны түскен жоқ.
1994 жылы қағаз тиындардың орнына жезден жасалынған 2,5,10, 20 және 50 номиналды монеталар шықты. Ұлттық валюта банкнот және монета түрінде айналысқа енгізілді.
Ел Президентінің Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді.