"YouTube" платформасында "Сәке" жобасы арқылы танылған, әкім образын сомдайтын актер, сценарист Рүстем Омаров әкімдердің жиынтық образын қалай жасағанын айтып берді.
"Қызық Livе" бағдарламасына қонақ болған өнер иесі жобадағы қызықты идеялардың өмірден алынғанын ашық айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
Рүстем Омаровтың айтуынша, ол елдегі әкімдердің 70%-ына тән қасиеттерді "Сәке" интернет-хикаясындағы әкімнің образына жинақтаған. Оның ішінде өзі білетін бірнеше шенеуніктің мінез-құлқы, іс-әрекеттері мен адамдық қасиеттері де жобада толығымен қамтылған.
"Нақты менің образым - Алматы облысындағы аудан әкімі. Қазір жұмыс істейтінін әлде істемейтінін білмеймін. Оқиға былай болды. Мен ол кісінің қабылдауына келдім. Мені хатшы қыз қарсы алды. Көп отырып, күттім. Кабинетке кірсем, ол кісі мені тәпішкемен қарсы алды. Дүйсенбі күні болатын.
Ол сонда кабинетінде үйі секілді тәпішкемен жүрді. Мен ол кісіге ауызсу мәселесімен келген едім. Бір ауылдың тұрғындары ауыз суды бұлақтан алып, тұтынады екен. Ал әкім сол бұлақтың орнына автожуу қызметін ашып қойған. Сөйтіп, ол жерде көліктерді жуа бастаған. Мен барып, "Аға, бұлай болмайды ғой, адамдар бұл жерден су алады", - дедім. Сөйтсем, ол кісі "Басқа жерде бар ғой бұлақ" дейді. Қай жерде екенін сұрасам: "10 километр жерде. Ештеңе етпейді, сол жақтан алса болады", - деді. Сол кезде-ақ осы кісі туралы кино түсіремін деген ой келді. Менің әкімімнің 30 пайызы сол кісіден алынған", - дейді ол.
Сонымен бірге, ол тағы бір әкімнің бейнесі идеясына арқау болғанын айтады. "Үлкен конференция ма, әлде қоғамдық кеңес пе өтіп жатқан еді. Жастар отыр. Бір кезде ол кісі "Шоу жасау керек, бірдеңе ғып адамдарды таңғалдыру керек", - дейді. Бәрі үнсіз. Кенет әкім "Таптым! Мың жылқы керек және мың студентті шақырып, соған отырғызу керек. Олардың барлығының жүзі жайдары болып, күліп тұруы керек. Көп және сары түсті кеудеше киюі керек. Сол кезде кенеттен ту шығады", - дейді ол. Бір кезде, "Жоқ, мың емес, екі мың жылқы болуы керек!" деп ойын тағы өзгертті. Осы кісінің образын және тағы бір өте дөрекі әкімнің бейнесін алдым. Барлығы шынайы. Ал көмекшінің образын барлық жерден көруге болады. Барлық көмекшілер осындай", - деді ол.
Айта кету керек, "Сәке" интернет-хикаясы 2020 жылы жарық көрді. Басты кейіпкер - Саят Саматұлы есімді аудан әкімі. Хикая мемлекеттік қызметкердің түрлі іс-әрекеттері туралы.
Жоба оқырмандар тарапынан қолдауға ие болып, "Сәке" образы ел арасында кеңінен танылып кетті. Қазіргі таңда жобаның екінші маусымы басталмақ. Ендігі маусымда мемлекеттік қызметтегі жемқорлық секілді өзекті мәселелер көтерілмек.