$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбедегі митингте фермерлер Үкіметтен өздерімен санасуды талап етті (видео)

Олар Үкіметке ауыл шаруашылығы саласы бойынша қабылданып жатқан бағдарламалар фермерлермен ақылдасып шешілуі керек екенін айтады.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Ақтөбе қаласында жүзге жуық фермер митинг өткізді. Олар Үкіметке ауыл шаруашылығы саласы бойынша қабылданып жатқан бағдарламалар фермерлермен ақылдасып шешілуі керек екенін айтады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Ақтөбедегі "Фермерлер қауымдастығы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің" құрамындағы жүзге жуық шаруа облыстық филармония алдына жиналды. Олар Үкімет пен Мемлекет басшысына қоятын талаптарын айтты. Ақтөбелік шаруаларды қолдап Қарағанды мен Батыс Қазақстан облыстарындағы қауымдастықтардың өкілдері келді. Фермерлер ауыл шаруашылығы министрілгінің жүргізіп отырған саясатына наразы.

"Біздің талбымыз көп. Ең басты талап — Үкімет ауыл шаруашылығына қатысты мәселелерді шаруалармен бірге талқылап, сосын барып шешім қабылдауы керек. Соңғы екі айда ауыл шаруашылығы министрлігі 2021-2030 жылдарға арналған тұжырымдама және 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобаны бекіткен. Бірақ біз оны білмейміз. БАҚ-тан естідік. Бұл қалай? Бізбен неге есептеспейді? Соңғы сегіз жылда, әр екі жыл сайын ауыл шаруашылығы министрі ауысады. Әр келген министр бұрынғы жұмысты жоққа шығарып, қайта бағдарлама жасайды. Соңғы келген министр де осылай жасап жатыр. Біз болашағымыз үшін алаңдаймыз", — деді Ақтөбедегі "Фермерлер қауымдастығы жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлестігінің" төрағасы Марлен Баймағамбетов.

Олардың айтуынша, ауыл шаруашылығы министрі болып осы салада тәжірибесі бар адам тағайындалып, министрлік пен "Бәйтерек" холдингі ұлттық қоғамдық кеңсесіне әр облыстан мүше сайлануы керек. Шаруаларды сарсаңға салып қойған малды бірдейлендіру, ақпарттық талдау жүйесі, "Қолдау" бағдарламалары біріктірілуі қажет.

Сондай-ақ отандық техника бағасының ай сайын өсуіне қарсылық білдірді. Себебі құжат дайындағанша баға бірнеше есе өсіп кетеді. Несие, субсидия алудың да қиындықтары көп. Мәселен Үкіметке алданған 16 шаруашылықтың үстінен сот жүріп жатыр екен.

Ақтөбенің Қобда ауданынан келген "Ділдә" қожалығының басшысы Жұмабике Жұмалиеваның айтуынша, субсидия алу үшін шаруалар біраз қиындықты бастан өткереді. Тіпті қарызға батып кететіндер де бар.

"Біздің шығынымыз берілетін субсидиядан асып кетеді. Өзім "Аграрлық несие корпорациясы арқылы" 16 пайыз үстемемен несие алдым. Оның 10 пайызын мемлекет төлейді. Бірақ осы 10 пайыз субсидия уақытында түспейді. Соның кесірінен қарызға батып жатырмыз. Несиені неге бізге алты пайызбен бермейді? Ал қалған 10 пайыз субсидияны тікелей қаржы институттары арқылы бергізбейді? Шаруалар осындай кемшіліктер үшін зардап шегіп отыр,"— деді Жұмабике.

"Аманат агро" шаруашылығының басшысы Сайфуддин Қойшыбаев та бұл ұсынысты қолдады. Ол субсидия алу үшін ала жаздай әуреге түскенін айтты.

Қарағанды облысындағы "Ұлытау" ауыл шаруашылық ассоциациясының төрағасы Қуандық Тұсыпов пен осы өңірдегі "Аршын" шаруа қожалығының басшысы Арман Әшімов 150-ге жуық шаруаның аманатын арқалап келген.

"Бұл жерде көтерілген мәселе — бір ғана ақтөбеліктердің мәселесі емес, еліміздегі шаруалардың басындағы жағдай. Осы талаптардың барлығына қосыламыз. Мәселен, Үкімет "субсидия берілсін" деген жарғы шығарады. Қаржыны жергілікті әкімдік табуы керек. Бұл әр облыста әр түрлі беріледі. Ал субсидияны алу үшін міндетті түрде айқай-шу шығаруымыз керек. Онсыз болмайды. Биыл Қарағанды облысы 200 миллион теңге бөлді. Бұл қаржы құрғақшылықтан зардап шеккендерге ғана берілді. Бір сиырға — 5 мың теңге. Ал Үкіметтің жарғысында ірі қараның басына 30 мың, жылқыға — 25, қойға 5 мың теңге берілуі керек. Осыны облыстық әкімдікке айтсақ, олар "ақша жоқ" дейді, ал министрлік әкімдікке сілтейді. Екі ортада шаруалар зардап шегеді," — деді Арман Әшімов.

Батыс Қазақстан облысындағы "ББ" шаруа қожалығының басшысы Талғат Байкенов биыл құрғақшылықтан су тапшылығы болғанын айтты.

Алаңға жиналған фермерлер лизинг, несие пайыздарын жоғарылатпау, жанар-жағармай, кебек бағасы нарықтағы бағадан елу пайыз төмен болуы және жеңілдетілген дизель отынының операторы конкурстық түрде анықтаулы қажет деген ұсыныстарын айтты. Осы және өзге де талаптарды ортаға салды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Панабек Бимұратовтың айтуынша, биыл ақтөбелік шаруаларға жергілікті бюджеттен 13 миллиард 700 миллион теңге субсидия бөлінген. Оның 6,7 миллиард теңгесі мал азығының құнын арзандатуға бағытталған. Бұл қаржы фермерлерге түгел үлестіріліпті. Қазіргі таңда 200 миллион теңге қалған. Ол жоспар бойынша желтоқсан айында таратылып болады. Дегенмен басқарма өкілі шаруалардың талабын қолдайтынын айтты.

Бізде көптеген бағдарламалар асығыс қабылданып кетеді де, кейін нәтижесі болмай жатады. "Келісіп пішкен тон келте болмас" деген. Барлығы талқыланып, шешілгені жөн, - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары