Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей Федерациясы Үкіметі делегациясының құрамындағы Ресей Үкіметі төрағасының орынбасарлары Александр Новак пен Алексей Оверчукті қабылдады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесу барысында Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда-экономикалық және отын-энергетикалық қатынастарды нығайтудың перспективалары, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы ықпалдастық мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жасыл энергетика, атом өнеркәсібі, көлік және логистика салаларын дамытуға, вакцинация паспорттарын өзара мойындауға қатысты екіжақты ынтымақтастықтың өзекті проблемалары қарастырылды.