Елімізде 4 мыңға жуық медицина кадры жетіспейді. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде елімізде медицина кадрлары тапшы. Бұл салаға 4 мыңға жуық қызметкер жетіспейді. Облыс орталықтарында, әсіресе аудандар мен ауылдарда білікті дәрігерлер аз. Өйткені, аймақтарда оларға қажетті жағдай жасалмаған. Өңір әкімдері осы мәселемен белсенді түрде айналысуға тиіс. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса мән беру қажет», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті кадр тапшылығының тағы бір себебі – мамандардың шетелге кетуі екендігін баса атап өтті.
«Жыл сайын жоғары медициналық білімі бар мыңнан астам азамат өзге елге қоныс аударуда. Ал шетелде оқыған өз маманымыз оқуын Қазақстанда жалғастырамын десе алдынан түрлі кедергі шығады. Олар клиникалық тәжірибеден өткісі келсе де қиындыққа тап болады. Ұлыбритания мен АҚШ-тың әйгілі жоғары оқу орындарында білім алған жастарымыз аз емес. Солардың бірқатары елге оралған соң мамандығы бойынша жұмысқа тұра алмағаны туралы мәліметтер де бар. Бұл - дұрыс емес. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдердің белді оқу орындарында медициналық білім алған азаматтарымызға еш кедергі болмауы керек. Олардың дәрігер болып жұмыс істеуіне рұқсат беру үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгеріс енгізу қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.