17.11.2021, 09:20

Ақмола облысында үйде газ баллоны жарылып, үш адам қаза болды

Тағы 10 адам түрлі дене жарақатымен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.

2021 жылғы  16 қарашада Ақмола облысының Шортанды кенті  Линейная көшесінде газ баллоны жарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сағат 21:38-де Шортанды кентінің №18 байланыс пунктіне полиция бөлімінің кезекшісінен газ баллонның жарылғандығы туралы хабарлама келіп түсті.

ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің айтуынша өрт сөндіруге ТЖД-ның 35 қызметкері мен 7 техникасы, «Жер Ана» ЖШС МЕӨҚҚ-ның 4 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.

Барақ үлгісіндегі пәтерде өрт шығып, шатырын толықтай жалын шарпыған. Өрттің аумағы шамамен 350 шаршы метрді құрады.

Өрт сағат 22:35-те ауыздықталып, сағат 23:55-те толық сөндірілді.

Оқиға орнынан 3 адамның мәйіті табылды. Тағы 10 адам түрлі дене жарақаттармен аудандық орталық ауруханаға жеткізілді.

Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін Ақмола облыстық тергеу-жедел тобы және өрт зертханасы жұмыс істеуде.