17.11.2021, 16:40

Қазақстанда 20 жыл құлдықта жүргенін мәлімдеген ресейлік азаматтың әке-шешесі табылды

Фото: видеодан скриншот
Бұған дейін әлеуметтік желіде 20 жыл бойы Қазақстанда құлдықта жүргенін мәлімдеген азаматтың видеосы тараған болатын.

Әлеуметтік желіде 20 жылдан бері Қазақстанда құлдықта жүрмін деп мәлімдеме жасаған азаматтың ата-анасы Ярослав облысынан табылды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі РИА-Новости агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін әлеуметтік желіде 20 жыл бойы Қазақстанда құлдықта жүргенін мәлімдеген азаматтың видеосы тараған болатын.

Оның сөзіне қарағанда, Қарағанды облысына қарасты Ақжал ауылында оны еркінен тыс ұстап келген. Өзін Алексей Александрович Котов деп таныстырған азамат Ресейге қарасты Ярослав облысының тумасы екенін айтып, ата-анасынан өзін құтқарып алуды сұрайды. Басылымның жазуынша, Ярослав облысының омбудсмені Сергей Бабуркин 20 жыл Қазақстанда құлдықта болдым деген ресейлік азаматтың отбасымен жолыққан.

"Ата-анасынің көзі тірі. Әкесі 80-де, анасы - 70-те. Оның әпке-қарындастары бар", - дейді Бабуркин. Туыстарының сөзіне қарағанда, Алексей 1995 жылы училищені тәмамдап, әскерге кеткен. Бастапқыда ол әскери борышын Ресейде өтесе, кейін Қазақстанға ауысқан. Әскерден босаған соң, аз уақытқа үйіне келіп кеткен. Одан соң Қазақстанға келісім-шарт бойынша әскери қызмет етуге аттанған.

"Өздерінің айтуынша, Алексейді үйіне қайтар жолда вокзалда ұрып-соғып, ұстап алып, шаруа қожалығының иесіне өткізіп жіберген. Менің түсінгенім - оның сол жақтан қашып шығуға құжаттары да, ақшасы да болмаған", - дейді агенттікке сұхбат берген омбудсмен.

Отбасы мүшелерінің айтуынша, Алексей Котовты олар расында да 20 жыл бойы іздеген. "Туыстары 2000 жылдардың басында "Жди меня" бағдарламасы арқылы іздеу салған, көріпкелдерге барған. Бірақ құқық қорғау органдарына шағымданбаған. Олар ұлдарының тірі екенін сенген, көріпкелдер де солай деген. Бұл іс осылайша жалғасып келген екен", — дейді омбудсмен.