Алты баласын асырау үшін көпқабатты үйдің шатырына тауық қора салған Руслан Тниевтің отбасына "Дәулеттен" қайырымдылық қоры үй сыйлады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі қордың ресми парақшасына сілтеме жасап.
Руслан Ақтауда бір бөлмелі пәтерді жұбайы және алты баласымен бірге паналап келген. Азық-түліктің қымбат болуына байланысты, ол балаларын асырау үшін үйдің шатырында тауық қора салған. Кейін қоян алып асыраған. Алғашқыда көршілері тауық пен қояндарға тамақ тасып, отбасын қолдағанымен, олардың арасында қораздың даусы мен иісіне шағымданғандар да табылды.
Артынан істі полиция тексеріп, Руслан әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 65 мың теңге айыппұл төледі.
Бұдан кейін қазақстандықтар "Дәулеттен" қоры арқылы отбасыға жеке үй алып беру үшін ақша жинады.
Бүгін қор жетекшісі, белгілі экономист-блогер Дәулет Мұқаев қуанышты хабарды халыққа жеткізді. Отбасыға Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылынан 20 сотық жері бар үй сыйға берілді.
Руслан Тниев "Дәулеттен" қоры мен атсалысқан барша қазақстандықтарға алғысын білдірді.