Қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан Әсет Ерғалиевтің министр болып тағайындалғанына таң қалғанын жасырмады, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
«Әлсіз министрлер олигархтарға тиімді. Олигарх «Бала министрге» не айтса министр соны істейді. Ол министр болғанына мәз болады, бірақ олигархқа халықты тиімді шешім шығару керектігін айта алмайды. Өйткені оның ақыл-ойы әлі толыспаған. Баланы қалай министр етіп отырғызуға болады, мен соған таң қаламын», - дейді Цифрландырду министрлігі жанынан құрылған сарапшылар кеңесінің мүшесі Мұхтар Тайжан «Ұлыс сұхбаты» бағдарламасында.
Оның айтуынша, адам министр болуы үшін ол ауыл-аймақтарды білуі керек.
«Кабинеттен кабинетке ауысу арқылы министр болу – күлкілі нәрсе. Аймақтарды білмесең – Қазақстанды білмейсің деген сөз. Ұшақтың бизнес-класымен ұшып, ары қарай «Мерседеске» отырады. Бұл шынайы өмір емес қой. Мысалы, министрдің жалғыз өзін ғана Түлкібасқа немесе Маңғыстаудың Шетпе ауылына бір аптаға апарып тастаса – олар шынайы өмірді көрер еді», - дейді ол.