20.11.2021, 14:30

Доллар жыл соңына дейін 440 теңгеге жетуі мүмкін

Фото: stan.kz
Мамандар ұлттық валюта жыл соңына дейін тағы құлдырайтынын айтты.

Ұлттық валюта жарты жылда өзінің ең төменгі мәніне жетті. Доллар бағамы сәуір айынан бастап алғаш рет 430 теңгеге дейін өсті. Елордадағы айырбастау орындарында шетел валютасының құны 434-ке жетеді, Ұлттық Банкте жағдайды мұнайдың арзандауы мен халықаралық жағдайға байланысты болып жатқанын түсіндірді. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.

“Мұнай котировкалары Байден әкімшілігінің мұнай бағасының өсуін тежеу жөніндегі ықтимал шаралары, сондай-ақ Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы мен Халықаралық энергетикалық агенттіктің мұнай нарығында артық ұсыныстың жақында пайда болуы туралы болжамдары аясында соңғы 7 жыл ішіндегі ең жоғары көрсеткіштерден 5% - ға артық төмендеді”, – деді Нұржан Тұрсынханов, ҚР Ұлттық банкінің Монетарлық операциялар департаментінің директоры.

Сарапшылар ұлттық валютаның одан әрі әлсіреуін болжайды.

Экономист Арман Байғанов жыл соңына дейін теңге 440-қа дейін түсуі мүмкін деп есептейді.

Болжам мұнайдың одан әрі арзандауымен және пандемиядан кейін АҚШ экономикасының қалпына келуімен түсіндіріледі.

“Қатты көтерілмейді. Жыл соңына дейін америкалық доллармен салыстырғанда 430-440 теңге шамасында 1-ден 3 пайызға дейін әлсіреу болуы мүмкін”, – дейді Арман Байғанова.