Қарағанды балабақшасында бүлдіршінді сүйреген тәрбиешінің көмекшісі жұмыстан кетті. Сондай-ақ оқиғаға қатысты қызметтік тексеру жүріп жатыр, деп хабарлайды Астана арнасы. Бірақ білім бөлімінің мәліметінше, баланың ата- анасы ешқандай шағым жасамаған.
Дәлізге жатып алған кішкентай бүлдіршінді жұлқылай сүйреп әкетіп бара жатқан әйелдің әрекеті жұрттың ашуына тиді. Оны сол балабақшаның медбикесі 1 ай бұрын түсіріп алып, жергілікті блогерге енді ғана жолдаған.
Қалалық білім бөлімінің мәліметінше, бұл мекемеде 3 айдан бері бейнебақылау камерасы жұмыс істей бастаған. Бұған дейін мұндай жағдай тіркелмеген дейді.
«Кешегі видеодағы әйел тәрбиеші емес, тәрбиешінің көмекшісі. Сол баланың ата- анасы келді. Ешқандай шағым жоқ деп айтып, бірақ мұндай жағдай балабақшада қайталанбасын деген ескертуді айтып кетті. Бүгінгі таңда ол тәрбиеші көмекшісін жұмыстан шығардық және де осы баланың тәрбиешілерімен тәрбиешінің көмекшілерімен ары қарай жұмыс жүргіземіз», - деді Қарағанды қаласы «Армашка» балабақшасының директоры Азиза Айтқұлова.
Айта кетейік, 2018 жылы Теміртауда баланы ұйықтату үшін айқайлап тұншықтырған 50 жастағы балабақша тәрбиешісі небәрі 120 сағат қоғамдық жұмыс істеу жазасына кесілген болатын. Баланың анасына 200 мың теңге морольдық шығын өндірілген еді. Кейін анасы қызының түнде шошып ұйықтай алмайтынын айтып шағымданғанымен, сот шешімі өзгертілген жоқ.