Қызылордада пара алу күдігімен Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкері ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осыған байланысты облыстық полиция департаменті түсінік берді.
Ведомство мәліметінше, Қызылорда облысының полиция департаменті өз қызметкерлері қатарында сыбайлас жемқорлықты жою бойынша қатаң шаралар қабылдап жатыр.
Осы бағытта департамент басшылығымен жеке құрам арасында төтенше жағдайларға жол бермеу мақсатында тұрақты негізде тексеру жүргізілуде.
«Департаментттің өзіндік қауіпсіздік басқармасы арнайы шара аясында 23 қараша күні заңсыз әрекеті үшін Қызылорда қалалық полиция басқармасының қызметкерін ұстады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабымен сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспсөз қызметінен.
Қазіргі таңда қызметтік тергеу басталған. Мұндай заңбұзушылыққа қасақана барғандар қатаң жазаға тартылады.«Осы қызметке тағайындалған күннен бастап департамент және өзге де құзырлы органдармен бірлесіп аталған бағытта тиісті іс-шараларды қолға алдық. Бұл мақсатта алдағы уақытта да күрес жүргізіледі. Полицей беделіне нұқсан келтіретін қызметкерлерге қатарымызда орын жоқ. Жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы алдын алу шаралары жалғасады» - деді Қызылорда облысы полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтан.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада қасақана көлік өртенгендер қолға түскенін хабарлаған едік.