Брифинг кезінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қарағандылық шахтерлер мен металлургтерге баспана алу үшін 5%-пен ипотека берілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.
Әкім облыстағы шахтерлер мен металлургтер кездесу кезінде тұрғын үй мәселесін көтергенін айтты. Енді олар "Отбасы банк" арқылы 5%-бен жеңілдетілген ипотека ала алады. Қазір облыс әкімдігі қаржыландыру мәселесін пысықтап жатыр және бағдарламаны келесі жылдан бастап іске асыру жоспарланған.
"Әкімдік "Отбасы банкпен" бірлесіп, жаңа ипотекалық бағдарлама – Қарағанды облысының шахтерлері мен металлургтері үшін тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 5%-бен кредит беру бастамасын көтерді. Қазір банкпен бағдарлама тетіктері пысықталып жатыр, 2022 жылдың бюджетінде облыс әкімдігі тиісті қаражат бөледі", - деді Қасымбек.
Бағдарлама бес жылға созылуы мүмкін. Ипотекалық кредиттеу Саран, Абай, Шахтинск, Теміртау және Қарағанды қалаларындағы жаңа тұрғын үйлерге, сондай-ақ екінші сатылымдағы үйлерді алу үшін де қолданылады.