Үш баласымен 9-қабаттан секіріп өлген келіншектің туыстары бар шындықты жайып салды. Бақтыгүл Қыдырбаева суицидке барар алдында жазған хатының жалғасы да бар болып шықты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Марқұмның туған әпкесі Жанар Қыдырбаева сіңлісі өз-өзіне қол саларының алдында жазған хатының жалғасы бар екенін айтты.
Бақтыгүлдің туған әпкесі Жанар Қыдырбаеваға қанды оқиғадан соң күйеу баласы хабарласып, құзырлы органдарға ешнәрсені ашып айтпауын өтініпті.
Әйтсе де, ашынған әпке білетін ақпаратын БАҚ өкілдеріне айтуды жөн көрген.
Оның айтуынша, сіңілісі тамыз айында күйеуінің көңілдесі бар екенін біліпті. Содан бері айрандай ұйып отырған отбасының шырқы бұзылған. Бұл оқиғадан келіншектің ата-енесі де хабардар.
— Бақтыгүл негізі отбасындағы мәселелерді ешкімге айта бермейтін. Күйеуін де жамандамаған. Тамызда маған хабарласып, күйеуінің Эльвира есімді көңілдесі барын айтты. Ол көңілдесінің аяғы ауыр екен. Арада жанжал болған. Күйеуі көңілдесінен ақша ғана керек екенін, отбасы, бала-шағасы қымбат екенін айтыпты. Бәрі жақсы боладе деп уәде еткен. Сіңілімнің Алматыда аяқтан тұрамын деген жоспары болды. Өзін немесе балаларын өлтіру деген ойы болған жоқ еді. Біздің ойымызша, бұл жағдайға күйеуі мен көңілдесі жеткізді. Сіңлім суицидке қызғаныштан, күйінгеннен барды деп отырмыз", — деді Жанар Қыдырбаева.
Жанардың айтуынша, күйеу баласы мен көңілдесінің арасындағы байланыстың басталғанына екі жылдай уақыт өткен болуы мүмкін.
Жанар Қыдырбаева күйеу баласы құмар ойынға әуес екенін де растады. Оның айтуынша, сіңілісінің үйіне қонаққа барғанда ойын карталары, казино фишкалары мен линзаны көрген.
Ұрысқандарыңның себебін сұрағанмын. Сәл шыдай тұрыңдар, бәрін жариялаймын деді. Білмеймін ғой, Бақтыгүлді құмар ойынға тігіп жіберді ма екен?! Менің болжамым бұл енді,
—дейді Жанар Қыдырбаева
Жанар Қыдырбаева сіңілісі жоқшылықтан өз-өзіне қол салды дегенге де сенбейді.
Күйеуі үйге тұрақты түрде ақша әкеліп тұрған. Менің ойымша, көңілдесі ақша беріп тұрған сияқты. Қалтасында бума-бума ақша жүреді деп айтатын бауырым,
—дейді Жанар.
Сондай-ақ, Жанар сіңілісінің өлер алдында жазған хаттың жалғасы туралы да айтты.
— Хатта "Бұл өмірдің мәні қалмады. Өмір сүргім келмейді. Мені кешіріңіздер. Кінәлілер өздері біледі" деп жазылған.
Мен мұндағы кінәлілер деген күйеуі мен қайын жұрты деп ойлаймын. Себебі ол кісілер арада басқа әйелдің бар екенін білген. Хаттың екінші парағында үлкен кемпірқосақтың суретін салып, "Менің осы жағдайымды әпкеме ғана жеткізіңіздер. Мен әпкемді жақсы көремін, әпкем ғана маған жанашыр" деп менің телефон нөмерімді үш рет жазған", — деді көзінің жасын тыя алмаған әпкесі.
Хаттың түпнұсқасын қазіргі таңда полицейлер зерттеп жатыр. Жалғасы бар екенін бірден айтпаған себебі күйеу баласын күткен. Яғни, қайғылы оқиғадан соң күйеу баласы хабарласып, бала-шағасын жер қойнына тапсырған соң видеоүндеу жасап, бар шындықты қайын жұртына айтып беруге уәде етіпті.
Марқұм Бақтыгүл Қыдырбаеваның туыстары оқиға болардан бірнеше күн бұрын келіншектің үйіне екі қайын інісі қолына келіп тұрғанын айтады. Оқиға болар алында олар жұмысқа кеткен.