Күні бүгін Қазақстанда 2 786 қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 14 облыстық кеңес, Алматыда 1, Елордада 1 кеңес, басқа қалаларда 41, аудандарда 169, ауылды жерлерде 2 426, кәсіпорындарда 134 кеңес бар. Кеңестер құрамындағы жалпы адам саны 25 093. Кеңес мүшелерінің қатарында қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері, ғылыми және шығармашылық интеллигенция өкілдері бар, деп жазады Skifnews порталы.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының Қоғамдық келісім кеңестерінің мақсаты – азаматтық институттардың, қоғамдық, саяси және басқа да бірлестіктердің күшін қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлікті нығайту, біртұтастықты қалыптастыру ісіне жұмылдыру. Кеңестердің негізгі міндеттері – ортақ мүдде жолында конструктивті дискуссияға арналған алаң құру, түрлі әлеуметтік топтарды, үкіметтік емес ұйымдарды, этномәдени бірлестіктерді қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қалыптастыру процесіне тарту, әлеуметтік шиеленістің алдын алу.
Жыл өткен сайын кеңестер қарастыратын мәселелер тізімі толығып келеді. Қоғамдық келісім кеңестері түрлі дауларды шешу жолында нақты шешімдер қабылдайды, қайырымдылықтың қарқын алуына қолдау білдіріп, қоғамдық бақылауды күшейтуге ат салысады. Өңірлердегі әлеуметтік мәселелерді зерделеп, халықты мазалаған сұрақтарды талқыға шығарады. Сонымен қатар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, жұмыспен қамту мәселесін шешуге, кәсіпкерлікті қолдауға ат салысып келеді. Жергілікті бюджетті тиімді пайдалану, білім беру сапасы мен оның қолжетімділігі, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамтамасыз ету, аулаларды абаттандыру, мәдениет және спорт объектілерін жөндеу мәселелерін назардан тыс қалдырмайды. Сондай-ақ ауыз сумен, газбен қамтамасыз ету, тұрғын үй салуға жер беру, бизнесті заңсыз әкімшілік қысымнан, негізсіз тексеруден, қылмыстық қудалаудан қорғау мәселелері де кеңестердің бақылауында.
«Еститін мемлекет» концепциясын жүзеге асыруда Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі зор. Осы мақсат жолында кеңес өкілдері жыл сайын халықпен кездесу өткізіп, бұқараның мұңына құлақ түреді. Түрлі сала басшыларының басын қосып, жиын өткізіп, тауарлар мен қызметтер сапасы мен қауіпсіздігі, алғашқы медициналық көмектің қолжетімді болуын қадағалайды. Бұл мәселелер әсіресе ауылды жерлерде өзекті.
Мәселен Қарағанды облысында виртуалды кабинет пен жедел желі телефондары іске қосылған. Атап айтқанда Қарағанды, Жезқазған, Сәтпаев, Балқаш, Приозерск, Қаражал, Теміртау қалалары мен Бұқар жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа аудандарында жедел желі жұмыс істеп тұр. Тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді осы виртуалды кабинет арқылы немесе жедел желі телефондары арқылы жеткізе алады.
Ал Маңғыстау облысында «еститін мемлекет» концепциясының аясында Қоғамдық келісім кеңестері ҚХА медиаторларымен бірлесіп, медиация мәселелері бойынша консультация өткізеді.
Солтүстік Қазақстан облысында 129 қоғамдық келісім кеңесі бар. Олардың құрамында 900 астам мүше бар. Мұндағы кеңес тек мемлекеттік органдармен ғана емес, ҚХА-ның басқа да құрылымдық бөлімшелерімен, Қайырымдылық клубымен, Ақсақалдар кеңесімен, Аналар кеңесімен тығыз байланыс орнатқан.
Ақмола облысында 240 астам кеңес бар. Бұл аймақтың кеңестері бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына мониторинг жүргізу, агроөнеркәсіп кешеніне заманауи технологияларды енгізу, мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз ортаны қалыптастыру, шағын және орта кәсіпті заңсыз қысымнан қорғау мәселелеріне ден қойған.
Ұлтаралық қатынастар – өте шетін тақырып. Бұл салада ұсақ-түйек деген болмайды. Осы орайда қоғам өмірінің әр саласындағы мәселелерді назардан тыс қалдырмай, қажетті шараларды қабылдап, жүйелі жұмыс істеп жатқан Қоғамдық келісім кеңестерінің рөлі өте зор.