25.11.2021, 18:00

Димаш Құдайберген ресейлік музыкалық жүлдеге ұсынылды

Фото: ашық дереккөзі
"Жыл әншісі" санаты бойынша сыйлыққа Дима Билан, Леонид Агутин, Jony, Филипп Киркоров сынды танымал әртістер ұсынылған.

Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген ресейлік "Виктория" музыкалық жүлдесіне ұсынылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылар мәліметінше, марапаттау рәсімі 2 желтоқсанда Мәскеудегі мемлекеттік Кремль сарайында өтеді.

"Жыл әншісі" санаты бойынша сыйлыққа Дима Билан, Леонид Агутин, Jony, Филипп Киркоров сынды танымал әртістер ұсынылған. Бұл номинацияда Димаштың "Я скучаю по тебе" әні сарапқа түседі.

"Жыл композиторы" номинациясына Димаштың тағы бір шығармасы – Ave Maria ұсынылды, авторы Игорь Крутой. Ән алғаш рет Сочидегі "Новая волна - 2021" фестивалінде орындалған болатын.

Айта кетейік, 2019 жылы Димаш екі номинация – "Жыл жаңалығы" және "Классикалық музыкадағы үздік орындаушы" номинациялары бойынша "Виктория" жеңімпазы атанған еді.