Перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер Жәмилә Құлбатырова тергеу абақтысынан колонияға ауыстырылды.
Қуаныш Нысанбаев пен Асқар Қайыржан Орал қаласындағы қатаң режимдегі колонияға ауыстырылды. Атышулы іс бойынша тағы бір айыпталушы Жәмилә Құлбатырова жазасын Алмагүл ықшам аудандағы әйелдер колониясында өтейтін болды. Неонатолог дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева пробация қызметінің бақылауына алынды, деп хабарлады "Ақжайық".
Асқар Қайыржан басылым редакциясына сұхбат беру туралы ұсыныспен хат жолдады. Алайда қылмыстық атқару жүйесі департаменті мен облыстық сот тілшіні тергеу изоляторына кіргізуден бас тартты.
Еске салсақ, перинаталды орталықтың бас дәрігері Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан және акушер Жәмилә Құлбатырова алдын ала сөз байласу арқылы жаңа туған нәрестені өліміне кінәлі деп танылып, тиісінше 18, 16 және 15 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Ал дәрігер-неонатологтар Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Жаңа туған нәрестенің өлімі2019 жылдың 29 қыркүйегінде Атырау перинаталдық орталығында дүниеге келген нәресте қимылсыз жатқаннан кейін дәрігерлер оны өлі туды деп тіркеген. Алайда стоңазытқыш камераға апарған кезде аяғы қимылдай бастаған.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, дәрігерлер құжатты түзетпеу үшін оны тоңазытқышта қалдыруға шешім қабылдаған. Сотта тергеуші Асқарбек Ермұқашев дәрігерлердің телефон арқылы сөйлескен стенограммасы бар екенін айтқан.
Филологиялық сараптаманың қорытындысы да жасалды. Сонда дәрігерлердің бір-бірімен кеңесіп, баланың тағдырын шешкені анық байқалады. Әңгіменің стенограммасында "Құдай бізді кешірсін" деген сөздер бар.
Дәрігерлерге сот үкімі шықты2020 жылдың 18 қаңтарында Атырауда жаңа туған баланы алдын ала сөз байласу арқылы өлтірді деп айыпталған облыстық перинаталдық орталықтың дәрігерлеріне сот үкімі шықты.
Сот оларды кінәлі деп танып, перинаталдық орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевты 18 жылға, акушер-гинеколог Асқар Қайыржанды 16 жылға, акушер Жәмилә Құлбатырованы 15 жылға бас бостандығынан айырды.
Неонатолог-дәрігерлер Руслан Нұрмұхамбетов пен Дариға Жұмабаева қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылып, үш жылға бас бостандығы шектелді.