Қазіргідей сын-қатерлер мен қауіптерден адам әбден шошынып қалған заманда, адамдар этносаралық және конфессияаралық келісімді ерекше бағалай бастады. Қазақстан халқы Ассамблеясы – азаматтық мүдде шоғырланған институт. Ол Қазақстанда тұратын барлық этностардың мүддесін қорғайды. Бөліп-жару, алалау жоқ, барлығы бірдей құқық пен мүмкіндіктерге ие. Халық өзінің қорғаны барын түйсінеді, олар өз Отанында екенін, барлық азаматтар үшін ортақ әлеуметтік-экономикалық жағдай барынша жасалғанын, теңдікті сезінеді. Бұл әркімнің жауапкершілігін арттырып, патриоттық сезімін оятады. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің қалыптасуы қалай басталғанына куә бола отырып еліміздің бүкіл әлемдік қоғамдастықта барынша беделді әріптес ретінде танылғанын толық сеніммен айтуға болады. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зухра Саяпованың пікірінше, көптүрлілік бірлігі қағидаты бойынша жұмыс істейтін Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамның тұтастығын сақтайды, ел азаматтарының өзін-өзі тануын нығайтады. «Тәуелсіздіктің қалыптасуы оңай болған жоқ. Мамандар жайлы өмір іздеп шекара асты, жалақы жиі кешіктіріп жатты, адамдар үмітін жоғалтты, болашаққа деген сенімсіздік пайда болды. Бірақ өмір жақсарды. Тұңғыш Президентіміздің жан-жақты ойластырылған ұстанымының арқасында Қазақстан жоғалған үміт пен сенімсіздіктің артықшылыққа айналдыра білу арқылы әлемді таң қалдырды. Барлық этносты біртұтас Қазақстан халқына біріктіру ниеті шындыққа айналды. Ана тілін, әр ұлттың мәдениетін, дәстүр-салтын зерделеу, Қазақстанның ортақ көпмәдениетті ортасына кірігу – елімізде құрылған ұлттық мәдени орталықтар жұмысының негізі болды», - дейді ол. Зухра Саяпова 1994 жылы татар-башқұрт мәдени орталығын құруға атсалысып, 1997 жылы жетекшілікке келеді. Жексенбілік мектеп ашады. Әдет-ғұрып пен салт-дәстүрді насихаттайтын іс-шаралар өткізу, елімізде өмір сүріп жатқан барлық этностармен тығыз байланысты болды. «Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) мүшесі ретінде оның этносаралық және конфессияаралық келісімді сақтауда қандай рөл атқаратынын көріп келемін. Сонымен қатар, этносаралық толеранттылықтың қазақстандық моделі – бүгінде көптеген елдер үшін үлгі. Тұрақтылық, бірлік, жаңғыру сияқты негізгі құндылықтар ҚХА сессияларының күн тәртібіне енді. Егер мемлекет этномәдени бірлестіктердің қызметін қолдаса, онда халықтың бірлігі елдегі тұрақтылыққа алып келеді. Ал бұл – жаңғырудың іргетасы», - дейді спикер.
Оның айтуынша, сыртқы әлемнің сын-қатерлері болған, бола да бермек. Бірақ бұл құбылыстарға қарсы тұрар құрал табу керек. Оның ең маңыздысы – халық бірлігі. «Қорытынды біреу: біздің күшіміз бірлікте. Этносаралық және конфессияаралық келісім сияқты өте нәзік салаға ұқыпты қарау Қазақстанның ұстанымын нығайтады. Өйткені, халық алдына табысы жоғары елдердің қатарына кіру міндеті қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы экономиканың дамуына үлкен үлес қосуда, этносаралық және конфессияаралық келісімге қол жеткізуде, қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтауда. Бүгін ҚХА өткізетін шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық форумдары және мемлекеттік тілді үйрену жөніндегі бірқатар өзге де жобалар және өзге де мәселелер диалог алаңдарында ынтымақтасуға, барлық халықтардың қауіпсіз болашағын құру үшін өзара қолайлы тәсілдерді әзірлеуге мүмкіндік береді», - дейді ол. Қазақстанның көпұлтты халқы үшін, мемлекет үшін, азаматтық қоғам институттары, конфессиялық бірлестіктер үшін қоғамдық келісім берік, тұрақты іргетас саналады. Ал, бұл өмірдің негізгі қағидаты. Оған ұлттық бірліктің арқасында қол жеткізу мүмкін болмақ.