29.11.2021, 18:20

Қарағанды облысында орташа жалақы - 245 мың, ал әкімнің айлығы - 1,9 млн теңге

Фото: ашық дереккөз
Ашық дереккөздерде Жеңіс Қасымбектің жалақысы 1,9 миллион теңге екені көрсетілген.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек өңірдегі орташа жалақы басқа аймақтармен салыстырғанда жоғары екенін айтты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте тілшілер өңір басшысынан шенеунік пен қарапайым жұмысшылардың айлығының арасындағы алшақтық туралы сұраған еді.

Қарағанды облысының орташа жалақы көлемі — 240 мың теңгеден асады. Ал менің жеке жалақыма келсем, оны шешетін біздің әкімдік емес. Жоғары басқарушы орган тарапынан белгіленеді. Биылғы жылдың екінші жарты жылдығында өскені рас, - дейді әкім.

Ол осы ретте Қарағанды облысының халқының орташа жалақы мөлшері көптеген өңірден жоғары екенін атап өтті.

Біздің өңірдің орташа жалақы мөлшері біраз облыстан жоғары. Бұған әрине, Қарағанды, Сәтпаев қалаларының кеншілерінің жалақысының жоғары болуы да әсер етеді. Ал 140 мың алатындарды да білемін, - дейді Жеңіс Қасымбек.

Ол облыс әкімі ретінде жоғары жалақы төлейтін жұмыс орындарының санын көбейту екенін айта кетті.

Ашық дереккөздерде Жеңіс Қасымбектің жалақысы 1,9 миллион теңге екені көрсетілген. Бұған дейін Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдерінің де осындай жалақы алатыны белгілі болған еді.