30.11.2021, 15:20

Елімізде «несие жаппай кешіріледі» деген сөз қаншалықты рас?

Фото: ашық дереккөз
Осы айдың басында әлеуметтік желіде «ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша несиелік рақымшылық жарияланыпты» деп айтылған видеолар тарай бастады.

Осы айдың басында әлеуметтік желіде "ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша несиелік рақымшылық жарияланыпты" деп айтылған видеолар тарай бастады. Осыған орай Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Қазіргі кезде елімізде 2007-2008 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы мен ұлттық валюта бағамының әлсіреуінен ипотека бойынша қарыз алушылар зардап шекті. Оларға көмек көрсету үшін агенттік "Ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру" деген бағдарлама ұсынып отыр.

Бағдарлама 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде теңгемен ипотекалық қарыздар, сондай-ақ 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін валюталық ипотекалық қарыз алғандарға қаржылай қолдау көрсетуге бағытталған,

— дейді агенттіктегілер.

Бұл бағдарламаға қатысу үшін халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар биылғы 1 желтоқсанға дейін несие беруші банкке өтініш түсіруі керек.

"Қосымша қаржылай көмектің мөлшерін және талаптарын банктер қарыз алушының қаржылық жай-күйін талдау негізінде жеке тәртіппен айқындайды. Ел азаматтарына дәйексіз мәліметтерге сенбеуге шақырып, басшылыққа тек ресми әрі тексерілген дереккөздерден алынған ақпаратты алуды сұраймыз", — деп мәлімдеді агенттіктегілер.

Бір сөзбен айтқанда, несиеге рақымшылық жасалады деген сөз шындыққа жанаспайды. Тек аталған агенттік төлеуге қауқары жоқтарға жеңілдік ұсынып отыр.

Ал ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру бағдарламасының талаптары мен нәтижелері туралы барынша толық ақпаратты мына жерден алуға болады.