Кәсіпкерлер мен такси жүргізушілері қазақстандықтардан өздерімен бірге қағаз ақшаларын алып жүруді сұрайды. Дүкендер мен әлеуметтік желілер шағын кәсіпкерлердің төлемді тек қолма-қол ақшамен қабылдайтыны туралы хабарламаларына толып кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Мобильді аударымдарға салық салу туралы заң келесі жылдан бастап күшіне енеді. Дегенмен көпшілігі бұл салықтың енгізілуіне қазірден бастап қарсылық танытуда. Қаржы министрлігінің 2023 жылға дейін шағын кәсіпкерліктің салықтан босатылғанын айтқанының өзі көпшілік арасындағы дүмпуді баса алмауда.
Осы орайда, Kaspi Bank мамандары қазақстандықтардың мобильді аударымдарға қатысты туындайтын сұрақтарына жауап дайындады.
Мен жеке тұлғамын. Менің мобильді аударымдарым туралы деректер салық басқармасына жіберіледі ме?
Жоқ. Банк құпиясының талаптарына сәйкес, сіздің аударымдарыңыз туралы деректер салық органдарына берілмейді. Сіз бұрынғыдай жеке мақсаттарыңыз үшін аударымдарды жасауға және алуға толық мүмкіндігіңіз бар.
Жалпыға бірдей декларацияны кезең-кезеңімен енгізу туралы заңға сәйкес, кәсіпкерлік қызмет белгілерінің бар-жоғы туралы ақпаратты тек 2025 жылдан бастап беру жоспарлануда. 2025 жылға дейін жеке кәсіпкер және мемлекеттік қызметші болып табылмайтын жеке тұлғалар үшін барлығы өз орнында қала береді.
Мобильді аударымдарға салық салынады ма?
Жоқ. Жеке тұлғалар арасындағы аударымдарға салық салынбайды. Заң жобасында жаңа салықтар немесе аударымдар бойынша шектеулер болатыны қарастырылмаған.
Егер кәсіпкер клиенттерден мобильді аударымдарды алатын болса, оған көбірек салық төлеуге тура келеді ме?
Жоқ. Заң жобасында жаңа салықтар салу қарастырылмаған.
Мобильді аударымдарды кәсіпкерлік мақсатта пайдалану сатушыларды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салықтарды төлеу және фискалдық түбіртектерді беру жөніндегі міндеттен босатпайтынын ескертеміз.
Мен жеке кәсіпкермін немесе компания басшысымын. Менің мобильді аударымдарым туралы деректер салық басқармасына жіберіледі ме?
Жеке кәсіпкерлерге немесе компания директорларына тиесілі шоттарда кәсіпкерлік қызмет белгілерінің болуы туралы ақпаратты беру жалпыға бірдей декларацияны кезең-кезеңімен енгізуге сәйкес 2024 жылдан бастап жоспарлануда.
Сонда бұл заң жобасы не туралы?
Заң жобасы жеке тұлғалар арасындағы мобильді аударымдарға қолданылмайды. Мобильді төлемдер түсінігін және жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызмет үшін арнайы жасалған шоттары бойынша тауарлар немесе қызметтер үшін төлемді қабылдау міндетін енгізу көзделуде.