$ 494.87  520.65  4.91

1 миллион! Зейнетақы қорындағы ақшаны пайдалану үшін айлық қанша болуы керек?

Егер зейнетақы шотына айлықтың 10 пайызы түсетінін ескерсек, 18 жастағы азамат орташа есеппен айына 1,2 миллион теңге табыс табуы қажет.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

2022 жылдан бастап Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шоттан шекті мөлшерден артық ақшаны алу қиындай түспек. Экпресс К тілшісі артық ақша алу үшін кімнің қалай жұмыс істеп, зейнетақы шотына қанша ақша жинау керек екенін есептеп көрді.

Бұған дейін зейнетақы қорындағы ақшаны алу үшін жас аралығына қарай шекті мөлшері екі еседей артқаны туралы жазылған еді. Мәселен 20 жастағы адамға шекті сомма 3 140 000 теңге деп бекітілген. Яғни жас адам 18 жасынан бастап жұмыс істейді деп есептесек, 2 жылда (24 айда) 3 миллион теңгеден артық ақша жинау үшін зейнетақы шотына айына 125 мың теңге жіберуі керек. Егер зейнетақы шотына айлықтың 10 пайызы түсетінін ескерсек, 18 жастағы азамат орташа есеппен айына 1,2 миллион теңге табыс табуы қажет.

Осы есепке сәйкес, 30 жастағы адамның айлығы 300 мың теңге, ал 40 жастағы адамның табысы 170 мың болуы керек. Осы тұста айта кететін жайт, бұл мысалдарда адамдардың айлығы 18 жастан басталып отыр, яғни 4 жыл жоғары оқу орнында білім алып, кейін алғашқы жұмысында тәжірибе жинау уақыты ескерілмеген.

Экономика ғылымдарының кандидаты Сапарбай Жобаевтың айтуынша, негізі зейнетақы шотындағы артық ақшаны пайдалану жағдайы жоқ адамдарды пәтер алып, ипотека жабудан алыстатты.

"Бұл бастапқыда дұрыс шешім болмады. Себебі шекті мөлшерден асқандардың саны небәрі 2,5 пайыз еді. Ал үкімет нарыққа 2 триллионға жуық ақша құйды. Бұл өз кезегінде үйдің бағасын шарықтатып жіберді. Сөйтіп, не пәтерге ақшасы жоқ, не зейнетақы шотында шекті мөлшерге жеткен қаражаты жоқ қарапайым халық сол күйі қалды. Ал қалталы азаматтар мен орташа ауқатты адамдар ипотекаға алған пәтерінің несиесін толық өтеп, тіпті тағы бір үй алып жатты", — дейді Сапарбай Жобаев.

Оның айтуынша, негізі зейнетақы қорындағы ақшаға мүлдем тиіспеген жөн.

Қазақстанның инвестициялық әлеуеті саналатын зейнетақы қорындағы қаражатты сақтандыру қоры ретінде пайдалану қажет. Бұл ақшаны зейнетке шыққан адамдарға беру керек еді. Ал Үкімет оны таратып, енді қайта шектеу қойып жатыр, - дейді сарапшы.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары