АҚШ билігінің өкілдері Қытайда өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатыспайтынын Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки дүйсенбі күні өткен брифингте мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі РИА Новостиге сілтеме жасап.
"ҚХР-ның Шыңжаңның батысындағы мұсылман этникалық топтарына қарсы геноцидін және басқа да адам құқықтарының бұзылуын ескеріп, Байден әкімшілігі Бейжіңдегі 2022 жылғы қысқы Олимпиада және Паралимпиада ойындарына дипломатиялық немесе ресми делегация жібермейді", - деді Ақ үйдің өкілі.
Ол дипломатиялық бойкот америкалық спортшылардың Олимпиадаға қатысуына әсер етпейтінін атап өтті.
"АҚШ құрамасының спортшылары біздің қолдауымызда, біз оларды 100 пайыз қолдаймыз, бірақ алдағы ойындардың айналасындағы іс-шараға үлес қоспаймыз", - деді Псаки.
Вашингтондағы Қытай елшілігі АҚШ-тың Бейжіңдегі Олимпиадаға бойкот жариялау шешімін саяси манипуляция және Олимпиада рухын бұрмалау деп атады.
"АҚШ саясаткерлеріне ешқандай шақыру жіберілмеді, сондықтан "дипломатиялық бойкот" жариялай салды. Мұндай әсірешіл әрекет жай ғана саяси манипуляция және Олимпиада рухын бұрмалау болып табылады", - деді елшілік өкілі.
Бұған дейін АҚШ әкімшілігі алдағы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиада ойындарына ресми делегация жібермеуді жоспарлап отырғаны хабарланған болатын.
Бұған жауап ретінде Қытай билігі америкалық саясаткерлер Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындарына дипломатиялық бойкот жариялауға шақыруды тоқтатуы керек, әйтпесе Қытай да "қарсы шаралар" қабылдайды деген болатын.