$ 494.87  520.65  4.91

Қарағандыда көпбалалы анаға атаулы әлеуметтік көмек ретінде 122 теңге төленген

Әкімдік болса, ақша дұрыс есептелгенін мәлімдеп отыр.

Қарағандыда тұратын көпбалалы ана Дариға Қазанғапова 122 теңге атаулы әлеуметтік көмек алған. Әкімдік болса, ақша дұрыс есептелгенін мәлімдеп отыр, деп хабарлайды 31 арна. 

Төрт баланың анасы Дариға Қазанғапова –  атаулы әлеуметтік көмек алатындардың бірі. Ол жыл басында үкіметтен 125 мың теңге көмек алған. Ал жазда жолдасымен бірге үйінің бақшасына картоп еккен. Әкімдіктегілер бұл отбасылық табысқа әсер етті деп, жәрдемақы төлемей қойған.

Алайда кейін келіншек тағы да атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш берген. Желтоқсан айында әйелдің шотына 122 теңге жәрдемақы түскен. Түбіртекті көрген келіншек шалқасынан құлай жаздағанын айтады. Техникалық қателік деп ойлаған ол бірден әлеуметтік қорғау бөліміне барған. Ондағылар аталмыш соманың дұрыс берілгенін айтып шығарып салған.

"Одан да бермей-ақ қойғаны дұрыс еді. 122 теңгемен бізді мазақ қылғанша, сізге отказ келді деп айтса болатын еді. Енді мына 122 теңгеге бала-шағама не нан, не памперс әпере алмаймын. Үкіметтің нағыз мазағы ма, не енді бұл", - деп ашуланды көпбалалы ана Дариға Қазанғапова.

Ал әкімдік сома дұрыс есептелгенін растап отыр. Бұл отбасына мемлекеттен әртүрлі көмек берілгендіктен, база 120 теңгені автоматты түрде есептеп берген.

"Әйелдің жолдасы еңбекпен қамту бағдарламасымен жұмысқа орналасты. Сондықтан оның жалақысы мен балаларға берілетін жөргекақысы бар. Сондай-ақ, бұл отбасы екі әлеуметтік жолақы картасын қолданады. Осы себептерге байланысты 120 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. Әр отбасының мүшесіне 20 теңгеден берілді", - деді Қарағанды қаласы әлеуметтік төлемдер секторының меңгерушісі Лариса Харитонова.

Айта кетері, биыл атаулы әлеуметтік көмекке бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінді. Көмек 974 мың адамға тағайындалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары