07.12.2021, 17:00

Сапарбаев не себепті жарылыс кезінде жоғалған азаматтың отбасына өтемақы төленбегенін айтты

Фото: ашық дереккөз
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Байзақ ауданындағы жарылыстан кейін жоғалып кеткен азамат туралы пікір білдіріп, не себепті оның отбасына өтемақы берілмей отырғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

“Әскеридің денесі әлі табылған жоқ. Іздеу жұмыстары жалғасуда. Мемлекеттің заңы бар, соған сәйкес, қосымша жәрдемақы төленеді. Ал қазір біз оны төлей алмаймыз, төлер болсақ, ол заңсыз болады. Екіншіден, ол азаматтың тірі екенін, өлі екенін білмейміз. Себебі оған дәлеліміз жоқ. Ата-анасымен сөйлесіп, барлығын түсіндіріп айттық. Әлі де болса жарылыс болған жерде, сол маңдағы елді мекендерде зерттеу, анықтау жұмыстары жалғасып жатыр", - деді Сапарбаев.

Оның айтуынша, бас прокуратура мен ішкі істер министрлігі қызметкерлерінен құрылған комиссия жұмысы әлі аяқталған жоқ.

"Комиссия жұмысын аяқтап, оны енді басқа жерден іздеуге болмайды, "дүниеден өткен" десе, сонда ғана әлеуметтік төлем төйлейміз. Оған қаржы қарастырылған. Жарылыста қаза тапқандардың отбасына төленген әлеуметтік төлем көлемінде беріледі", - деді Бердібек Сапарбаев.

Айта кетсек, Жамбыл облысында әскери қойма жарылып, салдарынан 17 адам қаза болды. Сондай-ақ әскери бөлімде қызмет еткен 34 жастағы сержант Бауыржан Дәуітбаев із-түссіз жоғалып кеткен еді.