Қазақстандағы әрбір этномәдени бірлестіктің еркін жұмыс істеп, қолға алған игі бастамаларын жүзеге асыруына мемлекет тарапынан қолдау зор. Қазақстанның этномәдени бірлестіктері – Қазақстан аумағында тұратын этностардың тілі, мәдениеті, дәстүрлерін дамыту мақсатында біріккен қоғамдық ұйымдар. Skifnews.kz порталының бүгінгі шолуы Қазақстандағы этнобірлестіктер жұмысы жайында болмақ.
ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңына сәйкес, Ассамблея қызметінің бір түрі – Қазақстан этностарының тарихи отанымен байланысын дамытуға ықпал ету. Этномәдени бірлестіктер Ассамблеяның жергілікті, облыстық немесе республикалық этномәдени бірлестіктері ретінде әрекет ете алады.
Қазақстанда Еуразия континентіндегі барлық этностардың өкілдері тұрады. Егер тарихшылардың айтуы бойынша 1920 жылы Қазақстанда 30 этнос өкілінің тұратыны тіркелсе, 1970 жылғы халық санағы бойынша олардың саны 114-ке жеткен. Ал 1986 жылы - 120. 1999 жылы Тәуелсіз Қазақстандағы санақ бойынша елде 130-ға жуық этнос өкілі тұратыны анықталған, қазіргі таңда олардың саны – 140. Қазақстандық қоғамның полиэтностылығы – тарихи объективті шындық және оның бәсекеге қабілеттілігі қазіргі жағдайда артықшылық болып саналады. Қазақстандағы этникалық әртүрлілік түркі, славян этникалық топтары, иран, кавказ, финноугор және басқа этникалық топтармен айқындалған.
2008 жылы қабылданған ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы ҰМО қызметін қамтамасыз етуге айтарлықтай ықпал етті. Бұрынғы «ұлттық мәдени орталықтар» атауы «этномәдени бірлестіктер» деген жаңа атауға өзгерді. Осы заң Ассамблея аясындағы этномәдени бірлестіктердің (ЭМБ) жұмысының мақсатын айқындайды, атап айтқанда: қазақстандық патриотизмге негізделген бірегейлік пен бәсекеге қабілетті ұлт және қазақстандық азаматтықтың қалыптасу процесінде республикадағы ұлтаралық келісімді қамтамасыз ету.
Осы заңға сәйкес ЭМБ мемлекет дамуының, оның ұлттық саясатының нақты субъектісі саналады. Ұлттық мәдениеттердің белсенді жаңғыру процесі 2000 жылға қарай республика аумағында 450 аймақтық ЭМБ-тің құрылуына әсер етті. 2010 жылға қарай бірлестіктер саны 800-ге жетсе, бүгінде елде 960-тан астам бірлестік жұмыс істейді. Қазақстанда дамыған этникалық инфрақұрылым қалыптасты. ЭМБ жүйесі этносаралық қатынастар саласында пайда болған проблемаларға дер кезінде жауап беруге, этносаралық процестердің эволюциялық дамуына, этносаралық интеграция процестерін мақсатты басқаруға, «Мемлекет және этникалық топтар» жүйесінде тиімді кері байланыс механизмін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осылайша, ЭМБ-ді институционалдық нығайту оларды ұлттық позицияларға біріктіру, мемлекеттік саясат саласында тығыз этносаралық өзара іс-қимылға бағытталған мықты стимулға айналды.
Барлық ұлттық-мәдени орталықтардың күшін біріктіру арқылы Ассамблея атынан Қазақстанның барлық этностары арасында бейбітшілік пен қоғамдық келісімге қол жеткізуге бағытталған сындарлы диалогты қамтамасыз ете алатын ұйым құрылды.
ҚР Ақпарат және әлеуметтік даму вице-министрі Серік Егізбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі мен жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауын талқылауға арналған дөңгелек үстел барысында Қазақстанға инвестиция тарту жолында этномәдени бірлестіктердің үлесі зор екенін айтты.
«Халықаралық деңгейде этносаралық және конфессияаралық қатынастарды дамытуда «халық дипломатиясының» рөлі маңызды. «Халық дипломатиясының» дамуына Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктерінің ықпалы зор. Немістердің, корейлердің, татарлардың, башқұрттардың және басқа да этностардың этномәдени бірлестіктері өздерінің тарихи отандарымен дипломатиялық қарым-қатынас орната отырып, ел экономикасына тікелей инвестиция тарту бағытында жұмыс жасауда. Бұл біздің елдегі «халық дипломатиясы» дамуының жарқын көрінісі», - деді Егізбаев.
Оның айтуынша, татар және башқұрт этномәдени бірлестіктерінің арқасында 2019-2021 жылдары елімізге «Татнефть» ААҚ арқылы 240 миллион теңге инвестиция тартылған. Тағы 151 миллион теңге тарту жоспарлануда. 2005-2020 жылдары Германиядан келген инвестиция көлемі 5 млрд долларды құрады. Бұл Қазақстанның мүддесін шетелде белсенді түрде насихаттап жүрген неміс этномәдени бірлестіктерінің зор еңбегі.
Бүгін достық үйлері облыстық ассамблеялардың қызметін қамтамасыз ететін ресурстық-әдістемелік орталықтар ретінде, халықпен әлеуметтік бағдарланған жұмысы жолға қойылған, әлеуметтік және азаматтық бастамалардың дамуын ынталандыратын қайнар көз болып отырған бейбітшілік пен қоғамдық келісімнің орталықтарына айналуда.
Ассамблеяның мұрындық болуымен, барлық ЭМБ-дің бірігуінің арқасында Қазақстанда сындарлы этносаралық өзара іс-қимылды қамтамасыз етуге мүмкін болып отыр. Бұған дәлел ретінде, Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясы және Қазақстан Республикасы Мәдениет министрлігі жүргізген әлеуметтік зерттеулердің нәтижесін келтіруге болады.
Респонденттердің 50%-дан астамы Қазақстан халқы Ассамблеясының басты мақсаты этностардың дәстүр-салтын, мәдениеті мен тілін сақтау; 35,4% – елдің этникалық топтардың барлығының мүддесін қорғау; 32,3% – қоғамды топтастыру; 31,2% – қоғамдық келісім мен ұлтаралық толеранттылықты сақтау екеніне сенімді. Респонденттердің 70%-дан астамы Қазақстан халқы Ассамблеясының миссиясы - халықтың мүддесін қорғау деп санайды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма алты жылдық қызметіне жүргізілген талдауға сүйене отырып, ЭМБ - азаматтық қоғамның ең алғашқы өзін-өзі ұйымдастыру институттарының бірі және Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің негізі екенін сенімді түрде айтуға болады.