Мен Мәдениет және спорт министріне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне осы істі тексеруді сұрап хат жолдадым - Аружан Саин
Қоғам белсендісі Аружан Саин балалар үйірмелеріне жолдама беруге қолдан кедергі жасап отырғандар барын айтады. Оның айтуынша, бюджеттегі қаржыны біреулер келісім бойынша жұмсап жатыр. Араларында белгілі продюсер Қыдырәлі Болмановтың мектебінің де аты аталады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Елорда әкімдігі балаларға тегін секциялар мен үйірмелерге жолдама беруге қолдан кедергі жасап отыр. Аружан Саин Facebook парақшасында осылай деп жазба жариялады. Оның айтуынша, бюджеттен бөлінген қаржыны қалалалық мәдениет басқармасының қызметкерлері өздері таңдап алған мекемелерге үлестірген. Таңдаулылар ішінде Қарақат мектеп-студиясы да бар, делінген «Еуразия» бірінші арнасының жаңалығында.
3 қараша күні 8:45-те лимит ашылған. Содан соң бір сәтте 500-ден аса ата-ана балаларын тек бір музыкалық студияға тіркеген. Кейіннен анықтадық, алдын-ала бұл музыкалық студия сағат тоғызда лимит ашады да «балаларыңызды бізге тіркеп үлгеріңіздер» деген хабарламалар таратқан. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин
Бұл арада уәкілдің айтып отырғаны – Қарақат мектеп-студиясы. Әуелі, әлқиссасынан бастайық. Жыл басында шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын мемлекет тарапынан қаржыландыру енгізілді. Яғни, «болам деген баланың белін буатын» Болмановтардың мектебі сынды жеке үйірмелер мемлекет тарапынан қаржыландырылады.
Ал Аружан Саинның айтқанына сенсек, жұмыс шенеуніктердің жұмысқа қабілетсіздігі мен жасырын саботаждың кесірінен қиындап жатыр.
Мен Мәдениет және спорт министріне, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне, Нұр-Сұлтан қаласының прокуратурасына және Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаментіне осы істі тексеруді сұрап хат жолдадым. Заң бұзушылықтар расталса, кінәлілерге қатысты тиісті шаралар қабылдансын. ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин
Біз айтылған арыз-шағымдарды жиып-теріп, Қыдырәлі Болмановтың өзіне хабарластық. «Жала», – деді ол бірден.
«Үйірмелердің арасында біздерді әкімдікпен келісіп алды» деген жаңсақ пікір бар. Біріншіден, ол жерге ата-аналар өздері жазылады. Әлеуметтік желі пайда болғалы, адамдардың бір-бірін батпаққа батырмағаны жоқ, бірақ ешқайсысы батпаққа батып кетіп жатқан жоқ. Өйткені көбісі артынан өтірік, жала! Біз тексеріске дайынбыз, мархаббат. Қыдырәлі Болманов
Қыдырәлі Болмановтың жауабы осындай. Ал қалалық әкімдіктегілер мен мәдениет басқармасына екі күннен бері хабарласып, сұхбат жазу мүмкін болмады. Дегенмен олар операторлардың жұмысында қиындықтар бар екенін мойындап отыр.
Қазіргі уақытта операторлардың жұмысын қиындататын бірқатар мәселелер бар, атап айтқанда:
1. Оператордың ата-аналар үшін уақыты мен күніне байланысты кезекке қою, электрондық кезек жүргізу мүмкіндігінің болмауы.
2.Порталда бөлінген қаражат шеңберінде ваучерлерді беру реттілігінің болмауы.
3. Порталда балалардың сабаққа қатысуын бақылайтын цифрлық жүйенің болуы қажет, өйткені Өнім берушілер тарапынан ереже бұзушылық фактілері орын алуда.
Барлық туындаған мәселелер туралы әкімдік Мәдениет және спорт министрлігіне оларды жою туралы ұсыныстармен хат жолдады.
Біз дәл осы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін шығармашылық үйірме ашқан бірқатар танымал тұлғалармен байланысқа шықтық. Мембюджеттен үлес алу үшін қойылған талаптарға сай болуың қажет, келісім деген дүниеден аулақпыз, – дейді әнші әрі боксер Ибрагим Ескендір.
Бұл біреумен ауызша келісетін нәрсе емес қой, құжатыңызды дайындайсыз. Соған сіздің отырған орныңыз сай келе ме, ұстаздарыңыздың біліктілігі сай келе ме, шаршы аудан сай келе ме, талаптары бар ғой. Аштың да бере салатын емес қой. Бүкіл талапты орындап, құжатыңызды дайындап беріңіз. Ибрагим Ескендір
Аталған мәселе бойынша бірқатар мекемеге хабарластық. Етін шеңгел сырып кеткен қотыр торғайдың ертегісі ме дерсіз. Әкімдік министрлікке сілтеді. Министрлік жауап беретін әкімдік деп жіберді. Жолдаған үш сауалымызды үш күн күттіріп, ақыры жауапты қызметкерлері телефон тұтқасын көтеруді қойды. Ал Аружан Саин: «Жауаптыларға жаппай хат жолдадым, нәтижесін күтудемін», – дейді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.