12.12.2021, 01:13

«Жұмысқа тұра алмаймыз!»: Ақмешіт институтын аяқтаған 400 студент далада қалды

Білім министрлігіндегілердің жауабы ректордың сөзіне мүлде кереғар.

Қызылордадағы Ақмешіт институтын аяқтап, қолына диплом алған 400 студент далада қалды. Универистет түлектері жарамсыз дипломның кесірінен не жұмысқа орналаса алмай, не оқуға түсе алмай жүр. Ал министрлікпен соттасып жүрген институт өкілдері өз түлектерінің мәселесін шешіп беруге қауқарсыз болып отыр деп хабарлайды Paryz.kz, 31-телеарнаның "Информбюро" жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап. 

Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтын биыл 399 студент бітіріп, қолдарына тиісті дипломдарын алған. Олардың көпшілігі ақылы негізде оқып, білім ордасына 1 миллион теңгеден аса ақша төлеген. Бірақ ақысын төлеп алған дипломымыз түкке жарамсыз деп мәлімдеді олар.

Түлектердің бірі Нұргүл Жаппарова қаншама уақытымыз бен ақшамызды зая кетіргенде, институт жарамсыз дипломмен ғана жарылқады дейді. Соның кесірінен жұмыс таба алмай сабылып жүргенін айтады. Ол бұл мәселені бес айдан бері шеше алмай жүрген институт басшылығына ашулы. 

Ректорларына бардық. Бірақ жауап бермейді дұрыстап. Дипломдарымызды тездетіп жарамды етіп берулеріңізді сұраймыз. Жұмысқа тұра алмай жүрміз, - дейді Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының түлегі Нұргүл Жаппарова.

Оқу орнының өзі биыл даудан арылмады. Білім және ғылым министрлігі мұндағы оқытушылардың білімі сай келмейді, техникалық базасы да жарамсыз деп институтты лицензиясынан айырған болатын. Білім ордасының басшысы бұл бойынша министрлікті сотта жеңіп, лицензиямызды қайтарып алдық дейді. Оның сөзінше, дипломдарының жарамсыз болып қалуы сәйкестендіру коды жазылмағандықтан туындаған. Сондықтан бұл мәселені де министрліктің өзі созбалаңға салып жүр деді. 

Барлық жасалып отырған іс-әрекеттер, білім алушылардың да дипломының жарамдылығы сотпен дәлелденді. Енді Білім және ғылым министрлігі жеке сәйкестендіру кодын беріп, дипломдарды сәйкестендіруі тиіс. Сот шешімі шықты. Енді біз комитетті күтіп отырмыз, - деп мәлімдеді Ақмешіт гуманитарлық-техникалық институтының ректоры Ерлан Шынбергенов.

Білім министрлігіндегілердің жауабы ректордың сөзіне мүлде кереғар. Министрлік өкілдері лицензия мәселесі әлі де сотта қаралып жатыр дейді.

Егер дипломдарыңыз жарамды болсын десеңіз, басқа жоғары оқу орнына барып, сол жерге өтініш білдіруге болады. Сол жерге студенттер қатарына қосылып, сол жерден оқуды аяқтап дипломдарыңызды жарамды қылуға болады, - деді БҒМ Сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Министрлік өкілінің айтуынша, Ақмешіт институты 400-дей түлекке берген дипломы жарамсыз болып қала бермек. Дегенмен қазір оқу орнында 600-ден аса студент білім алып жатыр.