Қазақстан Халқы Ассамблеясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай этностар мәдениетінің күндерін өткізіп жатыр. Атап айтқанда «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» жобасы аясында еврей, қырғыз және өзбек мәдениетінің күндері мен корей мәдениетінің фестивалі өтті, деп жазады Skifnews порталы.
Қызылордада Жанәбіл Нұрманов атындағы №198 орта мектепте еврей мәдениеті күніне арналған «Шалом!» ойын-сауық – танымдық шарасы өтті. Оны ҚХА қолдауымен «Lev ami» еврей этномәдени бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шараға «Қоғамдық келісім» ҚММ директорының орынбасары Фархат Әбдібағдатұлы, облыстық этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, ұстаздар мен мектеп оқушылары қатысты. Шара соңында Мәдениет күнін ұйымдастыруға белсенді қатысқан тұлғаларға алғыс хат табысталды. Шараға қатысушылар еврей халқының Рош ха-Шана, Ханука және тағы басқа мейрамдары туралы қызықты мағлұмат білді.
Одан кейін Қызылорданың Достық үйінде «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» жобасының аясында қырғыз этносының Мәдени күніне арналған салтанатты шара өтті. Бұл шараны Қазақстан Халқы Ассамблеясының қолдауымен облыстық қырғыз этномәдени бірлестігі ұйымдастырды. Іс-шарада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған «Жүрегі бір, жолы бір – ежелден қимас бауырым…» қойылымы көрсетілді.
Қырғыз этносының Мәдени күнінен кейін дәл осы Достық үйінде өзбек этносының Мәдени күні өтті. Келген қонақтар үшін өзбек этносының әшекейлері, ыдыс-аяғы, тұрмыстық заттары, киім-кешегі қойылған көрме ұйымдастырылып, өзбек, қазақ, орыс тілдерінде ән шырқалды.
Одан бөлек Қарағандының Достық үйінде корей мәдениетінің фестивалі өтті. Бұл шараны Қарағанды облысының Корей этномәдени бірлестігі ұйымдастырды. Бұл фестиваль жыл сайынғы дәстүрге айналған. Салтанатты шарада корей, қазақ, орыс тілдерінде ән шырқалып, корей халқының ұлттық билері сахналанды. Келген қонақтар корей халқының ұлттық тағамдарынан дәм татты.
Алдағы уақытта «Сыр өңірі – бейбітшілік пен келісімнің мекені» жобасы аясында этностар Мәдениетінің күні әрі қарай да жалғаса бермек.
Тәуелсіздік алған 30 жылда біздің елде бірде бір этнос кемсіту көрмеді. Біздің елде бірде бір ұлттың тілі мен мәдениеті жойылып кетпеді. Жоғарыдағы шаралар соның айқын дәлелі болса керек.