15.12.2021, 12:40

Цифрлық теңгенің үлгісі 2022 жылдың ортасында дайын болады

Фото: ашық дерекөз
Жобаны жүзеге асыру кезінде Швеция, Сингапур, Канада, Еуроодақ, АҚШ, Швейцария, БАӘ секілді өзге де елдердің тәжірибесі ескерілген.

ҚР Ұлттық банкі цифрлық теңгені енгізу жөніндегі пилоттық жобаның бірінші кезеңінің нәтижелері туралы баяндама жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Цифрлық теңге» жобасы биыл қолға алынған болатын. Оны Ұлттық банк қаржы нарығының ойыншыларымен, сарапшылар қауымдастығымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп іске асырды. 

«Бастапқы кезеңде Ұлттық банк цифрлық теңге тұжырымдамасының күнделікті тіршілікке қалай сіңісетінін тексеріп, бөлінген реестр технологиясының базасында жекелеген платформаның технологиялық тұрғыда жүзеге аса алатыны туралы эксперименттер жасап көз жеткізді. Сондай-ақ, Қазақстан үшін орталық банктен цифрлық валюта үлгісінің негізгі параметрлерін анықтады», - деп жазылған Ұлттық банктің түсіндірмесінде.

Пилоттық жоба аясында цифрлық валютамен сатып алу және аударым жасау эксерименттері де жасалған. 

Осындай сынақтардан кейін цифрлық теңгеге қолданылған технологиялық шешімдердің мындай артықшылықтары бар деген қорытынды шығарылып отыр:

- Меншік құқығы токен алды: пайдаланушы цифрлық теңгені ұялы телефондағы (немесе басқа құрылғыдағы) цифрлы әмиянында токен түрінде сақтай алады, сол арқылы өз ақшасын толық бақылауда ұстайды. 

- Офлайн-режимдегі төлемдер: цифрлық теңгені пайдаланатын адам сатушыда да, өзінде де интернеттің жоқтығына қарамастан, сауда жасай алады. 

- Құпиялық шарттарын реттеуге болады: транзакция мәліметтерін есеп айырысқан тараптардың бәрінен жасырып қоюға болады (пайдаланушының таңдауына қарай), солай бола тұра тиісті тексерулер жасауға болады. 

- Арнайы мақсаттағы токендер: цифрлық теңгені программалаудың арқасында токеннің құрылымында шығындарға шектеу қоюға болады және мақсатты пайдалануды оңай бақылауға болады. 

- Интеграцияның қарапайым түрі: цифрлық теңгенің инфрақұрылымы арқасында екінші деңгейлі банктер мен қаржылық-технологиялық компаниялар оны оңай қостырып, цифрлы қаражатты пайдаланудың жеке дара сценарийін жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Яғни, нарықтағы ескі компаниялар да, жаңа компаниялар да осындай мүмкіндікке ие болады.

Жобаны жүзеге асыру кезінде Швеция, Сингапур, Канада, Еуроодақ, АҚШ, Швейцария, БАӘ секілді өзге де елдердің тәжірибесі ескерілген. 

«Баяндамада цифрлық теңге тұжырымдамасының технологиялық тұрғыда жүзеге асу гипотезасының сынағы, сондай-ақ, жобаны одан әрі жүзеге асыруға қатысты сұрақтар мен міндеттер бар. Құжатта сондай-ақ, цифрлық теңгенің экономикаға, қаржы тұрақтылығына және ақша-кредит саясатына тигізетін ықпалы мен оны реттеудің жолдары ұсынылған», -деп жазады Ұлттық банк мамандары. 

Ал цифрлық теңгенің үлгісі 2022 жылдың шілдесіне қарай дайын болмақ. Ол үшін экономикалық және реттеу бойынша зерттеудің қорытындысын, технологиялық параметрлердің бағасын, тұтынушылардың әрекетіне қатысты сандық және сапалық зерттеудің, дизайн-сессиялар мен сарапшылар талқылауының қорытындысын алу керек.

«Әлеуетті пайда мен тәуекелдерді жан-жақты зерттеп, технологиялық аспектілер пысықталған соң, ақша-кердит саясаты мен қаржылық тұрақтылыққа тиетін ықпалы бағаланып, Ұлттық төлем жүйесі мен оның қатысушылары үшін қандай әсері болатыны болжанған соң 2022 жылдың соңына қарай цифрлық теңгені енгізу туралы шешім қабылданады», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Тегтер: валюта теңге