Мәжіліс алаңында Әбілқасымовадан әлеуметтік желідегі несиелік амнистияға қатысты жазбалар туралы сұрақ қойылды.
Оның айтуынша, видео тарағаннан кейін үш күн ішінде агенттікке 18 мыңға жуық өтініш келіп түскен.
«Оның ішінде қарызды қайта құрылымдау, қарызды жою бойынша. Біз барлық өтініштерді қабылдадық, өңдедік, қаржы ұйымдарына қарауға жібердік. Бірнеше рет кездесу де ұйымдастырғанбыз, кеңселерде қабылдаулар өткіздік. Бұл соңғы күндері емес, оған дейін бірнеше апта бойы халық жиналып жүрді. Мамай халыққа тағы да жалған ақпарат берді» деп жауап берді Әбілқасымова.
Оның айтуынша, бүгінде несиеге амнистия жасау мүмкіндігі қарастырылып жатқан жоқ.
«Ол 2019 жылы бір реттік акция болды. Біз қазақстандықтардың қарызын азайту үшін не істедік: 2021 жылдың мамырында жаңа заң қабылданды, мәселені сотқа дейін мәжбүрлеп шешудің жаңа тәртібін өзіміз әзірледік, қабылдадық. 1 қазанда азаматтардың қарыздары қаралды. Банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтың өтінішін қарауға міндетті, оның қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда оған қайта құрылымдаудың түрлі түрлерін ұсынуға міндетті» деді Әбілқасымова.
Оның айтуынша, егер қаржылық жағдайдың нашарлау белгілері байқалса, қаржы ұйымдары несие беру кезінде төлем қабілеттілігін бағалауы керек.
«Жағдайы нашарласа, олар пайыздарын азайтып, айыппұлдар мен өсімпұлдар есептен шығарылады. Өткен аптада түскен өтініштердің барлығы банктерге жіберіледі, олар жеке қаралып, шешім шығарылады» деп қосты Әбілқасымова.
Әбілқасымова несиелік амнистия мәселесін тек мемлекет ақшасы, салық төлеушілердің ақшасы есебінен шешуге болатынын еске салды.
«Банкте бізде жеке тұлғалардың 12 триллион теңге депозиті бар екенін түсінесіздер, банктер оларға қызмет көрсетуі және олар бойынша сыйақы төлеуі керек. Несиені есептен шығару жағдайында қаржы ұйымдарының қаржылық тұрақтылығы табиғи түрде бұзылады» деп қорытындылады ол.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.