16.12.2021, 21:30

Тәуелсіздік күніне арналған автошеру өтті

Фото: ҚазАқпарат
Мерекелік автошерудің басты атрибуты Қазақстан туы болды.

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Теміртау және Қарағанды қалаларында патриоттық автошеру өтті. Шараны қаланың жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Іс-шараға 15 автокөлік қатысты. Мерекелік автошерудің басты атрибуты Қазақстан туы болды. Көліктер тізбегі Ескі қаладан бастау алды. Металлургтер даңғылымен жүріп өткен жүргізушілер автошеруді «Восток» саябағында аяқтады. 

«Біздің акциямызды теміртаулықтар белсенді түрде қолдап, әлеуметтік желідегі үндеуге жауап беріп, қатарымызға қосылды. Баршаңызды еліміздің келе жатқан басты мерекесімен құттықтаймын және Қазақстанның өркендеп, гүлденуіне тілектеспін», – деді Жастар орталығының директоры Айдын Жұмагелдинов.

Теміртаулық автоәуесқойларға қарағандылықтар да қосылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында кеншілер шаһарында «Менің туым – Менің Қазақстаным!» автошеруі өтті. 15 көліктен құралған автокеруен қаланың басты көшелерінің бойымен қазақстандық жалауларды желбіреп жүріп өтті. Облыс тұрғындарын Jas Otan Жастар қанатының Қарағанды облыстық филиалы мен «Регион» такси ұжымы құттықтады.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.