Кабулда бір топ әйел көшеге шықты. Жоқшылықтан сіңірі шыққан олар тәліп жасағынан қорқуды да қойған, деп хабарлады 24.kz.
Әйелдер «Талибан» (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) билігінен жұмыс істеуге кедергі жасамауды талап етті. Олар көшеге «Тамақ, жұмыс, бостандық» және «Ауғанстанды опаттан құтқарыңдар» деген ұран көтеріп шыққан.
Белсенділердің айтуынша, мемлекеттік қызметте істеп келген әйелдер қазір үйде отыр. Сондай-ақ елдің көп бөлігінде қыздардың мектепке баруына тыйым салынған. Ашынған әйелдер «Жағдай бұлай бола берсе, бәріміз аштан қатамыз» дейді.
«Отбасымызды асырауға бір тілім нан таба алмай отырмыз. Күнделікті қажетті ұн мен сұйық май сатып алуға көк тиынымыз жоқ. Үкіметтен еш қайран жоқ. Жағдайымыз өте қиын», – деп ашынды ереуілшілердің бірі Маржан Ахмади.