Мұхамеджан Тазабеков өзін бірнеше діни ағым мүшелері өзіне тартпақ болғанын мойындайды. Бәрінің сөзін, уағызын тыңдап көргенімен ешкімнің етегінен ерген жоқпын деп ақталды. Бұл ретте қоғам қайраткері Дарын Мүбаров жайлы көзқарасын білдірді.
Бұл туралы “Талқылайық” бағдарламасында айтылды.
Мұхамеджан Тазабеков бір кездері бірнеше ағым мүшелерінің уағызын тыңдап көргенін мойындайды. Тіпті өзін сол топқа мүше болуға шақырғандар аз емес. Айтысқа шығып, ел танып, көз көргендер көп болған соң бірден көзге түсетін едік дейді.
“Айтыс арқылы елге танылдық. Елмен етене араласпасақ та, біздің әрі ісімізді ел әңгіме қылады. Әркім өзіне тартқысы келеді. Мен Халифа Алтай ағаның қасында көп жүрдім. Көмекшісі болдым. Ол кісінің уағыздарын тыңдап жүрдім. Дарын Мүбаров орталық мешітте имам болып тұрғанда уағызын тыңдайтынбыз. Мен оның уағыздарынын қателік көрген жоқпын. Сирияға баруға үгіттегенін, соғысқа, жиһадқа шақырғанын көрген жоқпын өз басым. Мемлекетті бұзуға, радикализме шақырған жерін көрген жоқпын. Оның әкесін де, шешесін де, ағайын-туысын да танимын. Өзі қазақы тәрбиеде өскен. Елім деп жүрген азамат. Елім бақытсыз болмасын, о дүниеде отқа түсіп кетпесін деп шырылдап жүрген адам”, – деді Тазабеков.
Айтыскер зікіршілердің басшысы өзін ағымға шақырғанын мойындады. Алайда бас тарттым дейді.
“Зікіршілердің ең үлкен басшысын тақсыр дейді ғой. Сол кісі мені өзіне шақырған. Бірақ мен олардың зікірін көріп, қабылдай алмадым. Бес жастағы балаға дейін оңға-солға селкілдеп отырғанын көргенде секем алдым. Хизб ут-тахрирлар келді. Жүйе өзгермесе, дін ұстана алмайсың. Жүйе өзгермесе, тақуа бола алмайды деп насихаттап бір-екі апта ізімізде жүрді. Таблиғи жамағат, Хизб ут-тахрирлар сол кездегі белсенді діни ағымдар осылай арбап көрмек болды. Бірақ ешқайсысына кіріп кеткен жоқпыз”, – деді ол.
Тазабековтің өзіне сын айтып, жастарды адастырды деп сынағандарға жауабы дайын.
“Мен туралы небір сын айтылды. “Хабар”, “Қазақстан” арнасында жүрген қыз-жігіттерді “Асыл арнаға” алып кетті деп сөкті. Мүмкін ол жастар “Асыл арнаға” келіп дәрежесі он есе көтерілген шығар. Неге мен оларды ұстап қала алмадым деп өздерін ойлаған маңыздырақ деп ойлаймын. Менің артыма ерген жастардың ешқайсысы адасқан жоқ”, – деді қоғам қайраткері.