Бүгінгі таңда «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген тәмсіл ескіріп бара жатқандай. Ескіргені емей немене, өткен жылы 27 723 адам Қазақстанға қол бұлғап, шетелдерге көшіп кетіпті! Олардың арасында білікті кәсіби дәрігерлер, мұғалімдер, экономистер бар, деп жазды turkystan.kz.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2021 жылғы қаңтар-қазанда елімізге 8300 адам көшіп келген. Яғни, көші-қонның айырымы – 19423 адамды құрайды.
«Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен өтуде. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің жалпы санының үлесі сәйкесінше 84,4% және 85,9% құрады», – деді ведомстводан.
Белгілі болғандай, ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны 2020 жылғы қаңтар-қазанмен салыстырғанда 5,3%-ке азайған.
Өңіраралық қоныс аудару бойынша көші-қонның оң айырымы еліміздің 4 өңірінде байқалды. Атап айтқанда, Нұр-Сұлтан (25086 адам), Алматы (24351 адам), Шымкент (9459 адам) қалаларында және Маңғыстау облысында (238 адам) көшіп келушілердің саны арта түскен.