Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев құрғақшылыққа тап болған еліміздің өңіріне елден көмек жинап, қолмен шөп шауып тасыған Құрмет Талапқазыны марапаттады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Белгілі болғандай, ҚР ауыл шаруашылығы министрі Е. Қарашөкеев Құрмет Талапқазымен кездесіп, "Құрмет" грамотасын табыстады.
"Құрметтің есімі мұқым қазаққа белгілі. Маңғыстауда мал қырылып жатқанда барша қазақстандықтарға үндеу тастап, игі бастаманы қолға алды. Министр Құрметтің бастамасын қолдап қоймай, оны жүзеге асыруға көмектескен болатын. Шабылған шөпті Маңғыстауға жеткізу үшін әкімдіктермен, ҚТЖ сынды басқа да мекемелермен келіссөз жүргізіп, ведомство тарапынан қажет қолдауды көрсетті. Бүгін сәті түсіп, шаруалармен кездесу барысында жүзбе жүз кездесті. Қазақта бас көтеретін, ауылдың мәселесіне бей-жай қарамайтын азаматтар көп болсын!", - деп жазды Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Еске салсақ, Шымкент қаласының 25 жастағы тұрғыны Құрмет Талапқазы еліміздің батысындағы қуаңшылыққа тап болған малды ауылдарға жем-шөп жіберу үшін бүкіл жұмысын тастап, қоғамдық бастамаға мұрындық болған еді.
Жақында Қ.Талапқазыға Шымкенттегі университетте тегін оқу мүмкіндігі берілді.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.