$ 494.87  520.65  4.91

Арыстанбек Мұхамедиұлы «Ел ағасы» атанды – елімізде марапаттың тағы бір түрі пайда болды

Алайда, Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мұндай марапатты ешкімге табыстамағанын айтып отыр.

Бұрынғы мәдениет министрі, ҚР Ұлттық музейінің директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы «Ел ағасы» төсбелгісімен марапатталды. Бұл туралы аталған музейі директорының көмекшісі Айдар Қырықбай әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Ол «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері», Өнертану докторы, профессор Арыстанбек Мұхамедиұлы «El AGASY» төс белгісімен марапатталды. Арыстанбек Мұхамедиұлы шын жүректен құттықтаймын!» - деген жазба қалдырған.

Әлеуметтік желіде соңғы кездері түрлі марапат, сый-құрметтің көбейгені туралы сыни пікірлер көбейді. Мемлекеттен тыс жеке мекемелер тарапынан да әртүрлі төсбелгілердің дайындалып, қалаған адамға беретін үрдіс қалыптасқаны жиі айтылады. Azattyq Rýhy тілшісі жоғарыдағы «El AGASY» төсбелгісін «ойлап тапқан» бастамашыларға хабарласты. Марапат куәлігінде үш адамның аты-жөні және қойған қолы көрсетілген. Олар – Қазақстан жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Үмітхан Мұңалбаева, Қазақстан кітапханалары альянсының төрағасы Нұржан Жолдыбалинов.

Алайда, Жазушылар одағының төрағасы мұндай марапатқа өзінің қатысы жоғын, ешқандай құжатқа қол қоймағанын айтып отыр.

«Білмеймін. Маған айтқан жоқ. Бірінші рет естіп тұрмын. Біздің жазушылар одағында ондай медаль жоқ. Біздің «Алаш сыйлығы» деген сыйлығымыз бар, сосын 85 жылдыққа бекіткен «Қазақстанның құрметті жазушысы» деген төсбелгіміз бар. Басқа медаль шығарып жатқан жеріміз жоқ. Иә, «Ел ағасы» дегенді кеше ұзынқұлақтан, әлде әлеуметтік желіден бе көзім шалып қалды. Бірақ оның не нәрсе екенін мен білмеймін. Мен анықтайын», - дейді Ұлықбек Есдәулет.

Кітапханалар альянсы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұржан Жолдыбалинов та бұл шараның басы-қасында болғанымен, идея авторы – ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының қазіргі директоры екенін айтып, қысқа жауап берді.

Ал Нұр-Сұлтан қаласындағы үлкен ұжымның басшысы Үмітхан Мұңалбаева аталған төсбелгінің таратылып жатқанын растады. Оның алғашқы иегері – А. Мұхамедиұлы екенін, одан кейін Мәжілістің бұрынғы депутаты Қуаныш Сұлтановты шақырып табыстағанын жеткізді.

«Кітапхана қауымдастығы Жазушылар одағымен бірге елдегі танымал азаматтарға бір сыйлық жасасақ, әсіресе кітапханаға еңбегі сіңген, осында көптеген кітап қорларын өткізетін ел азаматтарына құрмет көрсетсек деп едік. Соның ішінде Арыстанбек Мұхамедиұлы министр болып жүргенде осы кітапханаға үлкен көмек көрсеткен дегендей. Біздің ұлы жазушылардың музейден үлкен бұрышын ашып берді. Шетелге барғанда Достоевский, Грибоедеев дегендердің музейлері бар. Біз осындай ұсыныс жасап едік, А. Мұхамедиұлы оған да арнап үлкен көрме ашып берді. Руханиятқа көмектесіп жатқан азамат осындай төсбелгіге лайық қой деп шештік. Ол алтын емес, өзіміздің ойлап тапқан сый-сияпатымыз», - деді кітапхана директоры.

«Ел ағасы» деп атауға себеп, ел ғұламасы, халық ғұламасы деген үлкен атақты Елбасына ұсынды ғой. Ол лайық. Енді біз елге қамқор, үлгі болып жүрген Қуаныш Сұлтанов, Ұлықбек Есдәулет, Әбдіжәміл Нұрпеиісов, Арыстанбек Мұхамедиұлына осыны лайық деп таптық. Алдағы күндері бұл атаққа Әлихан Бәйменовті де ұсынсақ деп отырмыз», - дейді кітапхана жетекшісі.

Үмітхан Мұңалбаева мұндай төсбелгіге 30 адамды ұсынғанын айтады. Оның ішінде Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет те бар екенін айтып қалды. Алайда осында өзі алатын марапатқа өзі қол қойған ба деген мәселеге мән берілмеген сияқты.  

«Енді бұл дүние біреу үшін құнды шағар, біреу үшін құнсыз шығар... Бірақ біз кітапханаға қамқор болып жүрген азаматтарға осылай өз сыйластығымызды көрсетіп жатырмыз. Ұлықбек ағаға айтылған. Мен ол кісіні сыйлаймын, құрметтеймін. Енді ешкімнен қинап ақша жинап жасап жатқан дүние емес. Бұған кәсіпкер Сәдібек Түгел демеушілік жасады», - деп ойын түйіндеді Ү. Мұңалбаева.

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы бұған дейін «Құрмет» және «Парасат» ордендерімен марапатталған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары