$ 494.87  520.65  4.91

Алматы облысындағы базарда контейнер орнатпақшы болған ер адам тоқ соғып, көз жұмды

Марқұмның туыстары алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсете алмай, аман алып қала алмаған дәрігерлерге ашулы.
Фото: stan.kz
Фото: stan.kz

Алматы облысындағы ірі базарлардың бірінде жүк тасушы жоғары кернеулі желінің астына контейнер орнатып жатқанда тоқ ұрып көз жұмды, деп хабарлайды Stan.kz. 

Өйткені желілер жерге төмен орналасқан. Оның үстіне марқұмның туыстары сымдардың заңды жолмен тартылғанына күдіктенеді. Жаға ұстатар оқиғадан кейін базар басшысы сол бойы жоқ болған. Ал Айдын Құрбанбаевтың қазасына жақындары электр желісін тартқанда салғырттық танытқандардың жазаға тартылғанын талап етеді. Қайғылы оқиғаның жәй-жапсарын тілшіміз біліп келді.

Қайғылы жағдай Еңбекшіқазақ ауданына қарайтын Бәйдібек би ауылында осыдан бір апта бұрын болған. 15 жыл бойы жүк тасушы болып істейтін Айдын Құрбанбаев базар басшылығының тапсырысымен жоғары кернеулі  желінің астында тұрған контейнерді орнатады. Артынша түземекші болғанда тоқ ұрып, денесін бірнеше метрге ұшырып түсірген.  

“Ананы қоямыз деп ары-бері қолымен жылжытқан кезде жүк көтергіш жоғары вольтті кернеуге ілінген. Сол жерде тұрған төрт адамды төрт жаққа ұшырған. Үшеуі тірі. Ал менің інім сол жерде жан тапсырған”, – дейді марқұмның ағасы Кәден Құрманбаев.

Марқұмның туыстары алғашқы медициналық көмекті дұрыс көрсете алмай, аман алып қала алмаған дәрігерлерге де  ашулы. Жедел жәрдемді үш мәрте шақыртыпты. Айтуларынша, бірінші келгендері жөнді тексерместен, "өлді" деп кетіп қалған. Қалғандары тоқ соққанда алғашқы көмектің қандай болатынын білмейді дейді. Жүрек қағысы соғып тұрғанын байқаған туыстары шарасыздан тоқты жерге сіңдіру үшін қақиып қалған денені топырақпен көмген.

“Өзіміз барып дәріханаға жүгіріп, өзіміз керек дәрілерді алып келіп салдық. Ол кезде әкемде жүрек қағысы бар еді. Жедел жәрдем осында болды. Олардан еш көмек болған жоқ. Ол кісілер тіпті жүрекке соғатын құрылғыны қоса алмады. Жас балалар болды, жедел жәрдемнің ішінде. Оның барлығын өз көзімізбен көрдік. Осында тұрғандар. Әкемді мына жерге жатқызып, басын шығарып жерге көмдік. Тоқ тартып алады деп ойлаған едік, бірақ, өкінішке қарай, аман алып қала алған жоқпыз”, – дейді марқұмның қызы Мәдина Айдынқызы.

Бұл тоқтың кернеуі 35мың вольт. Дәл астында бірнеше контейнер тұр. Мал базары болғандықтан, бұл маңда жексенбі күні ине шаншыр жер болмайды. Сондықтан электр мамандары бір кісінің өмірін қиған желі ертең жүздеген адамды өлтіруі әбден мүмкін деп дабыл қағады.

Марқұмның жақындары жоғары кернеулі желінің астына контейнер қойдыртқан тапсырыс берушілерді кінәләп, тоқтың жерге өте төмен тұрғанын айтады. Сөздерінше, бұл желі заң бойынша 15 метр биіктікте, жан-жағынан 25 метр қашықтықта болуы керек.

“Дәл осы жоғарывольтты үлкен базар. Неге контейнерді ана жаққа қоймайды? Базардың бастығы жанағы – дәл осы жерге рұқсат берген. Біздің күйінетініміз де сол. Неге басқа жерге қоймайды? Сөйтіп тоқ ұрып отыр. Ол тіпті тимегеннің өзінде де ұрады екен”, – дейді марқұмның әпкесі Бибігүл Құрбанбаева. 

44 жастағы Айдын Құрманбаев отбасының жалғыз асыраушысы еді. Артынан бес баласы қалды, оның төртеуі кәмелетке толмаған. Енді олар әкесінің суретіне қарап жылағаннан басқа шарасы жоқ. Ал әкімдік бұл мал базары жекеменшік, араласа алмаймыз деп басын ала қашты. 

“Бұл аймақ Қазақстан ауылы округіне қарағанымен, жексенбілік Райымбек мал базары. Жекеменшік сектордағы Ақбұйымов Ержан деген жеке кәсіпкердікі. Соның қарамағындағы, соның жекемешік аймағы.Тиісті органдарға хат жазылады. Жексенбілік Райымбек мал базарына тексеру жүргізіледі. Соған тиісті шаралар қолданамыз”, – дейді Қазақстан ауыл округінің әкім аппараты маманы Азат Тілеуке.

Ал полиция бұл дерек бойынша сотқа дейнгі тергеу жүргізіп, сараптама тағайындап істің мән-жайын анықтауда. Айдын Құрбанбаевтің қайғыдан қан жұтқан жақындары жауаптылардың жазалануын талап етеді.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары