Ақтауда жәндіктерді улайтын химиялық заттан әйелі мен қызы қайтыс болған тұрғын сот үкіміне шағымданды. Бұл іс бойынша толық ақпаратты Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап.
Сот мәліметінше, 2-ықшамауданның тұрғыны өз пәтерінде "Квикфос" препаратымен залалсыздандыру жұмыстарын жүргізген. Әйел қауіпсіздік талаптарын елемей, көршілеріне бұл туралы ескертпеген. Салдарынан көрші пәтерде тұратын әйел мен қыз уланып қайтыс болған. Қыз үйінде, анасы кейін реанимацияда көз жұмған. Бірінші сатыдағы сот үкімі бойынша әйел кінәлі деп танылып, алты жылға бас бостандығынан айырылған. Моральдық шығын ретінде одан үш миллион теңге өндірілген.
Алайда марқұмның күйеуі апелляциялық шағым түсіріп, айыпталушыдан 20 миллион теңге мөлшерде моральдық шығын өндіруді сұраған. Ол жауапкерден әлі ешқандай төлем алмағанын түсіндірді.
Өткен аптада апелляциялық комиссия оның шағымын қарады.
Сот отырысында үкімді өзгертуге негіз болған жаңа мән-жай анықталмағандықтан, апелляциялық шағым қанағаттандырылмай, сот шешімі өзгеріссіз қалды.
Айта кетейік, биыл ақпанда Ақтау тұрғыны пайдалануға тыйым салынған "Квикфос" улы препаратымен үйіне дезинфекция жасап, ол туралы көршілеріне алдын ала ескертпегені хабарланған болатын. Нәтижесінде улы иіс көрші пәтерлерге таралып, одан бір үйде тұратын он айлық сәби мен оның анасы уланып қайтыс болды. Бірнеше тұрғын жансақтау бөліміне түскен.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.