05.01.2022, 13:00

Премьер-министрдің міндетін атқарушы жиын өткізді

Фото: Tengrinews.kz
Жиында Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың кешенді жоспарларын әзірлеу туралы айтылды.

Премьер-министрдің міндетін атқарушы Әлихан Смайылов елдегі әлеуметтік-экономикалық ахуал жөніндегі кеңесте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған міндеттерін іске асыру бойынша бірқатар тапсырма берді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz. 

Әлихан Смайылов газ саласын дамытудың кешенді жоспарын пысықтауды және Маңғыстау облысында сұйытылған газ өндіретін зауыт құрылысының техникалық-экономикалық жағдайына мемлекеттік сараптама жүргізуді жеделдетуді тапсырды. Сұйытылған газ сауда-саттығын ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын реттеу, сұйытылған газды электрон сауда алаңы арқылы өткізуге көшіруді бір жыл ішінде жүзеге асыруды тапсырды. Мемлекеттік органдар сұйытылған газды өткізу кезінде бағалық сөз байласу және өзге де бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерге қатысты тергеу жүргізу қажет. Сондай-ақ, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарын дамытудың кешенді жоспарларын әзірлеу туралы айтылды.

Премьер-министрдің міндетін атқарушы сұйытылған газ, бензин және дизель бағаларын 180 күн мерзімінде мемлекеттік реттеу бойынша тиісті нормативтік құжатты қабылдауды тапсырды. Мүдделі мемлекеттік органдарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын реттеуге қатысты қажет шаралар қабылдау тапсырылды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, ұлттық экономика, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өңір әкімдіктерімен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін қайталама тұрғын үйге жалдау ақысын субсидиялау мәселесін пысықтап, Үкіметке ұсыныстар енгізуі тиіс. Қаржы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп "Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы" заң жобасын әзірлеу тапсырылды. Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктері денсаулық сақтау мен балаларға қатысты проблеманы шешу үшін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорын құруды қамтамасыз ету қажет.

"Мемлекет басшысы әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру бойынша айтылған шараларды кідіріссіз қабылдауды тапсырды", - деді Ә. Смайылов.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.