Sulpak және "Белый ветер" электрон жабдықтар мен тұрмыстық техника дүкендері желілерінде тәртіпсіздік кезінде болған шығын туралы айтылды. Тонаушылар кәсіпкерлердің барлық дерлік дүкенін тонап, қиратқан, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Белый ветер" дүкендер желісіне келтірілген жалпы шығын шамамен 2 миллиард теңге болады. Бұл туралы интернет-маркетинг бөлімінің бастығы Яна Новохацкая айтты.
"Алматыда барлығы 13 дүкен бар еді, оның 12-сі тоналды. Бірнеше дүкенде өрт шықты. Құдайға шүкір, қызметкерлеріміздің ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Бұған дер кезінде дүкендерді жауып, қызметкерлерді үйге жіберудің арқасында қол жеткіздік. Бізге қызметкерлердің өмірі мен денсаулығы маңызды", - деді Яна Новохацкая.
"Белый ветер" дүкендерінде ұсақ, бірақ қымбат жабдықтар сатылады: ноутбуктер, телефондар және аксессуарлар. Яна Новохацкаяның айтуынша, олар бәрін алып кеткен, ал ұрланбағанның бәрі бүлінген.
"Мемлекет қолдауына үміттенеміз. Өйткені бұл - Қазақстан бойынша біздің бизнесіміздің үштен бірінен астамы. Бұдан әрі қолдаусыз қалай болатынын білмейміз. Шығын өтеледі деп күтеміз, мұның қаншалықты мүмкін екенін және қандай мерзімде жүзеге асырылатынын білмейміз. Қалпына келтіру үшін салық жағынан қолдау болуы мүмкін", - деді "Белый ветер" интернет-маркетинг бөлімінің бастығы.
Басқа қалалардағы дүкендер зардап шеккен жоқ, Қарағанды мен Нұр-сұлтан, Павлодар, Рудный және Қостанайда да ертең немесе арғы күні дүкендер ашылуы мүмкін.
Кәсіпкерлер Алматыдағы тәртіпсіздіктер кезінде келтірілген залалды әлі де есептеп жатыр. Шығын соншалықты үлкен, сондықтан нақты соманы айту мүмкін емес. Шығын бірнеше миллиард теңге болатыны белгілі. Бұл туралы Sulpak компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Константин Иванюк мәлімдеді. Нақты қорытынды шығару үшін байланыс әлі де қиындық келтіріп жатқаны айтылды.
"12 дүкен тоналды. Олар ұялы телефондарды алып кетті. Жүк көлігімен келіп, ауыр техника, теледидарлар, тоңазытқыштарды алып, жартысын жол бойында сындырып, жеткізбеді. Өрт салдарынан дабыл сөніп, бәрі су астында қалды. Біздің дүкен "Саяхаттағы" "Мерей" сауда орталығында өртенді. Сондай-ақ, қызмет көрсету орталығы, байланыс орталығы тоналды", - деп мәлімдеді Sulpak компаниясының маркетинг жөніндегі директоры Константин Иванюк.
Оның айтуынша, бірнеше күзетшіге шабуыл жасалған. Олар дене жарақатын алған.
"Күзетшілерді ұрып-соғып жатқан видеолар бар. Жаппай тоналды, бұл бір ғана жағдай емес. Оған мыңдаған адам қатысты. Біздің дүкен маңында орналасқан Small азық-түлік дүкенінен тауарларды арбалармен алып кеткен", - деді ол.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.