12.01.2022, 21:35

Шымкенттегі тәртіпсіздік кезінде кішкентай баланы құтқаруға келген студентке оқ атқан

Фото: stan.kz
Ол өзін қайдан және кім атқанын білмейді.

Қазақстан студенттері альянсының төрағасы Ілияс Түстікбаев тәртіпсіздіктер кезінде шымкенттік студент аяғынан жарақат алған, деп хабарлайды Stan.kz. 

Астана медицина факультетінің студенті Әмір Сағындықов 5 қаңтарда Шымкенттегі тәртіпсіздік кезінде аяғынан жарақат алған.

"Әмір өз-өзіне келді, денсаулығы жақсы. Ауруханада оған барлық көмек көрсетілді. Қазақстан студенттерінің Альянсы студенттермен тікелей байланыста болып, қиын-қыстау кезеңде барлығымен байланыста болуға тырысты. Бұл оқиғаны біз Әмірдің өз аузынан естідік. Айтуынша, 5 қаңтар күні нан алуға дүкенге шыққан. Барлық дүкендер жабық болып, үйге қайтып келе жатып ол адамдардың ортасында ес-түссіз жатқан баланы көреді. Әмірдің айтуынша, баланың тамыр соғысы болмағандықтан, ол алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Балада геморрагиялық шок болған, тамыр соғысы байқалмаған. Осы кезде Әмірдің аяғына оқ тиген", – деді студенттер альянсының төрағасы.

Ілияс Түстікбаевтың сөзінше, Әмір өзін қайдан және кім атқанын білмейді.

"Әмір жараланған соң оқиға орнына әкесі келген, ол студентті ауруханаға жеткізіп, онда оған медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі уақытта Әмір өзін жақсы сезінеді. Оны ауруханадан шығарды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Астана медицина университеті, Шымкент қалалық полиция департаменті осы істі бақылауға алып, қадағалауларыңызды сұраймыз. Осы оқиғадан кейін мен тағы да жастар мен студенттерді арандатушылыққа ермеуге шақырамын. Тәртіпсіздік басталғаннан бері біз студенттерге үйлеріңнен шықпаңдар, қатыспаңдар, арандатушылар жетегінде кетпеңдер деп айтып келеміз. Біз өзімізді және жақындарымызды қорғауымыз қажет", –  деп сөзін түйіндеді Ілияс Түстікбаев.

 

Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын InstagramTelеgramfacebooktwitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.