Сарапшылар елімізде жарылыстар қаупі еш сейілмегенін айтады. «АстанаЭкспертProject» ЖШС-нің басшысы, техникалық сынақ пен талдау, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласының маманы Мәулен Жақметбеков Арыс қаласында болған жағдай қайталануы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы «inbusiness.kz»-ке сілтеме жасап.
Мәулен Жақметбековтің айтуынша, КСРО әскери саладағы барлық ескі-құсқы, өте қауіпті қалдығын қазақ еліне «үйген».
«Кеңес кезінен Қазақстанға мұраға қалған, утилизациялауға жататын оқ-дәрілердің әбден тозығы жетті. Олардың көбінде ХХ ғасырдың 30-40 жылдары жасалғаны көрсетілген, датасы таңбаланған. Атап өтетін жайт, кеңестік зауыттар әу бастан бұл оқ-дәрілерді тек соғыс мақсатында қолдануға ғана болатындай етіп әзірлеген. Соның кесірінен, оқ-дәрілердің конструкциясы оны элементтерге бөлшектеуді қарастырмайды. Былайғы жұрт біле бермес, Кеңес Одағының оқ-дәрілерді өндіру және қолдану концепциясы оларды тек қана тікелей мақсатына пайдалану принципіне негізделді. Яғни кеңестік снаряд, мина және басқа да талқандау құралдарының «өмірінің» ақырғы фазасы – не майдан даласында, немесе полигонда жарылу ғана. Басқасы жоқ», – дейді Мәулен Жақметбеков.
Оның үстіне қызыл империя ыдырағаннан кейін оның арсеналы Қазақстанның әскери қоймаларында тот басып, ұзақ жыл жатты. Қазіргі кезде қол тисе, үгітіліп кететіндей әбден көнерген. Өкінішке қарай, оқ-дәрілер Кеңес Одағы «бағдарлағандай» түпкілікті мақсатын орындауға – жарылуға дайын жатыр. КСРО келмеске кетсе де, оның мұрасы қазақ еліне зиянын тигізуін жалғастыруда.
2,5 жыл бұрын республиканың тұтас қаласы тып-типыл болғаны мәлім: 2019 жылғы 24 маусымда Арыс қаласындағы №44856 әскери бөлімінің қару-жарақ қоймаларында жарылыс пен өрт болды. Ізінше 2021 жылғы 26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы 28 349 әскери бөлімінің аумағында сақталған ескі оқ-дәрілер жарылып, айналасы өртке оранды.
Сарапшылар жаңа жарылыстар қаупі еш сейілмегенін айтып жүр. Өткен жылы Қорғаныс министрлігі оқ-дәрілерді бөлшектеп, кәдеге жаратуды тыйып, барлығын полигонда жарып жіберуге шешім қабылдаған. Алайда кейбір дерек бойынша бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар уақытша доғарылған деседі. Расында, егер қазіргідей қазақстандықтардың жүрегі шайлығып қалған шақта жерді солқылдатып, жарылыс жасап жатса, халық шошынып, небір фейк-қауесет ел ішін кернеп кетуі ықтимал. Қазіргі кезде оқ-дәрілерді утилизациялау алаңдары Қазақстанның 2 жерінде ғана орналасқан, бұл – Арыс қаласы және Отар станциясы. Бұған дейін тағы бір ірі қойма Қарағанды облысында, Балқаш жанында болыпты, ол 2001 жылғы өрт кезінде толығымен дерлік жойылды. Бірақ жағдай мұрша бермейді екен деп, проблеманы әдейі айтпай, жылы жауып қоя салуға да, кейінге ысыруға да болмайды.
«Бұл оқ-дәрілердің сақтау ресурсы баяғыда аяқталған, олар әрі қарай тозып барады. Күн өткен сайын олардың корпустарының және оның құрамындағы пиротехникалық және түрткі жасайтын элементтерінің ошақтық немесе жаппай коррозиясы жүруде. Күн сайын оқ-дәрілердің физикалық-механикалық, баллистикалық және механикалық сипаттамалары өзгеріске түсуде. Салдарынан оларды сақтау, тасымалдау қауіпті болып барады», – деп дабыл қақты М. Жақметбеков.
Оларды кәдеге жарату ісімен нағыз мамандар айналысуға тиіс. Әйтпесе, тергеушілер анықтағандай, ескі оқ-дәрілерді утилизациялауға жауапты жалғыз ұйым – «Қазтехнологиялар» АҚ қызметкерлері қауіпсіздік техникасын аяқасты еткен, оқ-дәрілерді бөлшектеуге жарамсыз жабдықты пайдаланған. Үкіметтік комиссияның сарапшыларының бірі Асқар Абдумалимовтың мәліметінше, тіпті көшеден, Арыс қаласы мен жақын ауылдардан қаржыға мұқтаж, тиісті біліктілігі жоқ адамдарды тартып, оларға күніне 400 теңгеден төлепті: осы ақшада әрбір адам жалаң қолмен 20 снарядты бөлшектеуге міндетті болған көрінеді.
«Оқ-дәрілерді кәдеге жарату үшін оның конструкциясын және әр түрінің төл ерекшеліктерін, оның жарылғыштары, түтікшелері, сақтандырғыш және серпінді құрылғылары секілді жекелеген элементтерін демонтаждау әдістері мен технологияларын жақсы білу керек. Сондай-ақ маман лақтырылатын және жерде жарылатын зарядтардың қауіпті элементтері қайда орналасқанын, олар толтырылған жарылғыш заттардың физикалық-химиялық құрамын жазбай танитын болуға тиіс. Қоймаларда жарылатын, жарықтандыратын, өртейтін, түтін тудыратын небір түрі жинақталған. Мұндай жағдайда оқ-дәрілерді сақтау, тасымалдау және утилизациялау қатер төндіреді. 2001 жылғы тамызда Қарағанды облысының Тоқырау кентінде, 2008 жылы – Арыста, 2019 жылы Арыста, 2021 жылы Байзақта болғандағыдай қайғылы оқиғалардың қайталануына соқтыруы мүмкін», – деді Мәулен Жақметбеков.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.