Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен "Астана LRT" ЖШС-ның бұрынғы басшысы Талғат Ардан жауап алуға шақырылды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Ведомство мәліметінше, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбековке, "Астана LRT" ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданға және басқа да тұлғаларға қатысты "Астананың жаңа көлік жүйесі" LRT, BRT/ITS жобасын іске асыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.
"Тергеу жинаған айғақтар күдікті Сұлтанбековтің іс-әрекетін Қылмыстық кодекстің 1997 жылғы редакциясындағы 176, 235-баптары және қолданыстағы ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша саралауға мүмкіндік берді.
Арданның заңсыз әрекеттері 1997 жылғы ҚК-нің 176-бабы, 262-бабы және қолданыстағы ҚР ҚК-нің 189-бабы бойынша сараланды", - делінген Бас прокуратура хабарламасында.
"Күдіктілер Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының Қабанбай батыр даңғылы 31 мекенжайындағы әкімшілік ғимаратқа келуі қажет. Тергеу әрекетіне қатысу үшін күдіктілер қорғаушыны өз бетінше шақыруға не қылмыстық процесті жүргізетін органға қорғаушы алу туралы өтініш жасауға құқылы.
Егер қорғаушыны күдіктілер немесе олардың заңды өкілдері, сондай-ақ олардың тапсырмалары бойынша басқа да адамдар шақырмаса, қорғаушының қатысуын қылмыстық процесті жүргізетін орган қамтамасыз етеді", - деп түсіндірілген Бас прокуратура құжатында.
Еске салайық, 28 мамырда LRT жобасын іске асыру кезінде қаржы жымқыру ісі бойынша сотталушыларға үкім шыққан болатын. Кейін Нұр-Сұлтан сотының сот алқасы үкімді жойып, заңбұзушылықтарды жою үшін істі прокурорға қайтарды.
Sn.kz порталының басқа да маңызды жаңалықтарын Instagram, Telеgram, facebook, twitter және vk секілді әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан оқи аласыздар.